Маңғыстау облыстық қуыршақ театры Кишинев (Молдова) қаласында өткен халықаралық «Под шапкой Гугуцэ» қуыршақ театрлары фестиваліне барып қайтты.

Халықаралық «Под шапкой Гугуцэ» қуыршақ театрлары фестиваліне әлемнің түпкір-түпкірінен театрлар келіп, ортаға өнерлерін көрсетеді. Аталған фестивальге аймақтың қуыршақ театр ұжымы екінші рет қатысып отыр.

Фестивальге жалпы саны 22 театр ұжымы қатысты. Аталмыш фестивальге Ресей, Беларусь, Болгария, Молдова, Украина, Румыния және Қазақстан елінен қуыршақты сөйлеткен шеберлер жиналды. Фестивальде Маңғыстау облыстық қуыршақ театры Н.Насырованың «Айжан әжейдің ертегісі» атты моно-спектаклін көрерменге аса шеберлікпен паш етті. Спектакльде қозы арқылы көрермендерге қазақ халқының ұлттық құндылықтарының бірі киіз үй жабдықтары мен тұрмыстық бұйымдардың қойдың жүнінен қалай жасалатыны жайлы түсіндіре отырып, әртістердің шеберлігімен әсерлі жеткізе білді.

Фестиваль төрағасы, актер, режиссер, университет тәлімгері, өнертанушы, «История театра анимации в Румынии» шығарылымының авторы Тома Ходжя Маңғыстау облыстық қуыршақ театрына жоғары баға берді. Өнер майталмандары бас қосқан жиында театр директоры Фарида Атакеева «Үздік менеджер» номинациясына лайықты болса, театрдың әртісі Б.Тустукбаева «Үздік актерлік жұмыс пен қуыршақ жүргізу шеберлігі» номинациясын жеңіп алды.

Біз өз кезегімізде өнерпаз жерлестерімізді құттықтап, алар асуларыңыз көп болғай демекпіз.

Зухра ӘБДІЛ-САТТАР