Маңғыстау жұртының тыныс­-тіршілігінің айнасы саналатын «Маңғыстау-Медиа» – өңірдегі қоғамдық маңызы зор беделді басылымдарды бір арнаға тоғыстырған орталық. Маңғыстау облысы әкімдігінің қаулысымен «Маңғыстау­-Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС) 2013 жылы 4 ақпанда ҚР Әділет министрлігінде заңды тұлға болып бекітілді. «ММ» холдингіне облыстық «Маңғыстау» және «Огни Мангистау», қалалық «Жаңаөзен», Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір», Бейнеу аудандық «Рауан», Түпқараған аудандық «Ақкетік арайы», Қарақия аудандық «Қарақия», Мұнайлы аудандық «Мұнайлы» газеттері кіреді. Сондай-­ақ mangystaumedia.kz сайты жұмыс істейді.

«Маңғыстау-­Медиа» холдин­гін құруға атсалысқан Тельман Бейсенов сол кезеңнен­-ақ директордың міндетін атқарушы болды. Холдингті 2014­-2015 жылдар аралығында Ғалымжан Мелдешов басқарды. 2015 жыл­дың қаңтар айынан қарашаға дейін Маңдайлы Қосымбай директор болып қызмет етті. 2015 жылдың қараша айынан бастап Дархан Уәлиханов басқарды. 2017 жылдың маусымынан биылғы ақпан айына дейін Сағындық Рзахметов басқарды. Ал наурыз айында холдинг директоры болып Айсұлу Дутбаева тағайындалды.

Наурыз айының аяғында әріптестермен ынтымақтаса жұмыс істеу мақсатымен Ақтөбе облысына іссапарға шыққан Айсұлу Қабышқызы «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншинмен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумда көрсетілген бағыт бойын­ша екі жақ өзара тиімді қарым-­қатынасты нығайта түсетін болады. Сондай-­ақ екі жақ ақпарат алмасу, тәжірибе алмасу, оқыту семинарлары мен тренингтер өткізу, халық­аралық конференцияларға, көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысу сияқты бағыттарда көптеген игі шараларды бірлесе атқарады.

Оқырмандар үшін жағымды жаңалықтарымыз көп

— Біздің таңдауымыз «Ақтөбе Медиаға» тегіннен­-тегін түскен жоқ, – дейді Айсұлу Дутбаева. – Мені, ең алдымен, бұл меке­менің тарихы өз алдына, оның даму барысы да қызықтырған болатын. «Ақтөбе Медиа» гүлденген үстіне гүлдене түсуде. Оның директоры Раукен Сегізбайұлы – мол тәжірибелі кәсіби маман. Меморандум қа­ғаз жүзінде қалған жоқ, жұмыс басталып кетті. Бас есепшіміз сол жерде 3 күн оқып, тағылымдамадан өтті. Қазір бізде жаңадан ашылып жатқан коммерциялық бөлімнің қызметкері Жеңісбек Айтқұлов «Ақтөбе Медиада» оқып жатыр. Жеңісбек Пекинде менеджмент мамандығын оқып келген жігіт қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерін меңгерген.

Жасыратыны жоқ, «Маңғыстау­-Медиа» холдингі деген әдемі атауы болғанымен, мекеме облыс орталығының 3­-шағын ауданындағы еш жағдай жасалмаған ескі ғимаратта орналасқан. Осы жағына басты назар аударған «Маңғыстау­-Медиа» хол­дингінің директоры жаңа ғимаратқа көшіру мәселесін бірінші орынға қойып отыр.

— Оқырмандар кез келген уақытта оңай тауып алуы үшін холдинг ғимараты қаланың орталығында болуы керек. Өкінішке орай, біздегі жағдай басқаша. Ақтөбе қаласында «Ақтөбе Медиа» деген аялдама бар. 4 қабатты әсем ғимаратта орналасқан мекеменің баспаханасы да өзінікі. Ал біз тапқан табысымыз­дың көп бөлігін баспаханаға шығындап отырмыз. Келешекте ірі сауда орталықтарын­да хабарландырулар қабылдайтын нүктелер ашып, баспахана мәселесін де шешпекпіз. Сондай­-ақ басты түйткілдердің бірі – қыз­меткерлеріміздің жалақысы. Біздің жур­налистеріміз бүгінде қолдарына 110-­115 мың теңге жалақы алады. Айналамыздағы адамдар 150 мың теңге жалақыны аз кө­ріп отырғанда, бұл – қынжылтарлық жайт. Осының барлығын өз көздерімен көріп, жазып жүрген журналистерімнің алдында мен қатты ыңғайсызданамын. «Сен жақсы жазасың, мықты журналистсің» деп, басынан сипап қоятын заман жоқ енді. Сондықтан журналистеріміздің қолдарына алатын ай­лығы 200 мың теңгеден кем болмау жағын қарастырып отырмыз. Қаламақы жүйесін де қалыптастырамыз. Ескі жүйеден шығып, бонустық жүйеге көшуіміз керек. Журналист әр жазған ақылы мақаласынан кем дегенде 20­-30% бонусын алуы тиіс. Ынталандыру дегеніміз – осы, – деген Айсұлу Қабышқызы қызметкерлердің үмітін оятты.

Газет­-журналдардың әу бастан оқырман­дар қолына пошта арқылы жететіні белгі­лі. Алайда мекеме кірісінің 50 пайызы осы «Қазпошта» қызметіне шығындалып жатады. Ал аудандарға газеттер уақытынан кешігіп, аптасына бір рет жеткізілетіні жөнінде түсіп жатқан шағымдар аз емес. А.Дутбаеваның айтуынша, егер «Маңғыс­тау­-Медианы» ашықтан-­ашық тонап келе жатқан «Қазпошта» холдингпен келісімге келе алмаса, газет тарату жағын мекеме өз қолына алмақ. Оның өз жолдары бар. Дегенмен холдинг директоры «Қазпоштамен» келісімге келуден үмітті.

— Бұйырса, алдағы жарқын күндерге осындай ауқымды жоспарлар бар, – деді ол.
– Айтылған мәселелердің оң шешілуіне облыс әкімдігі, ішкі саясат басқармасы, облыстық қаржы басқармасы қолдау көрсетеді деген сенімдеміз. Холдингтің сыртқы бейнесі де өзгереді. Бірақ ұзақ жылдық тарихы бар басылымдардың атауын өзгертіп, өткенімізге қиянат жасауға құқымыз жоқ.

Оқырмандарымызға сүйіншілей жеткізе­тін басқа да жағымды жаңалықтарымыз бар. Жақында «Маңғыстау­-Медианың» жаңа сайты ашылып, оқырмандар қалаған газетіне электронды жазыла алады. Газеттерде жас тілшілерге, балаларға арналған беттер болады. Оқырмандар, балалар түрлі конкурстарға қатысады.

Екінші тынысы ашылып отырған «Маң­ғыстау-­Медиа» таяуда аудандарға шығып оқырмандармен кездеседі. Құрамында әр­тістер, спортшылар мен журналистер болатын бригада екі ай бойы қызықты акция өткізеді. Газеттердің ең белсенді және ең жас оқырмандары, газеттерді көп жылдардан бері үздіксіз жаздырып алып келе жатқан оқырмандар «Маңғыстау­-Медианың» арна­йы төсбелгісімен марапатталады. Сүйікті оқырмандарымызды бұлардан да басқа қы­зықты жаңалықтар күтіп тұр. Бізбен бірге болсаңыздар, тамаша жайттарға куә боласыздар, қадірлі оқырмандар!

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА