Team Meeting команда бизнес

Жақында Стратегиялық зерттеулер орталығы 2018 жылы кәсіпкерлер арасындағы жемқорлық мәселесіне байланысты 3 мегаполис пен 14 облысқа жүргізілген әлеуметтік сауалнаманың қорытындысын жария еткен болатын. Сауалнама нәтижесіне көз жүгіртер болсақ Маңғыстау облысы аумағындағы кәсіпкерлер арасында жемқорлық әрекеті артқаны көрсетілген. Дегенмен, маңғыстаулық кәсіпкерлер сауалнама нәтижесімен мүлде келіспейтіндерін жеткізіп отыр. Осыған орай, өңірлік коммуникация алаңында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Маңғыстау облыстық филиалының басшысы Нұрбек Қарасаевтың қатысуымен брифинг өтті. Брифинтің күн тәртібіндегі негізгі мәселе – стратегиялық орталық жүргізген сауалнаманың шынайылығына көз жеткізу. Өңірдегі мемлекеттік мекемелердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес рейтингісі де стратегиялық орталықтың мәліметіне сәйкес келмейді. Маңғыстау облысының белді кәсіпкерлері өздерінің сауалнамаға қатыспағандарын айтып, нәтижеге күмәнмен қарайтынын жеткізіп отыр.

Кәсіпкерлер сауалнама қорытындысымен келіспейді

— «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының құзырына кәсіпкерлердің құқығын қорғау ісі де жататынын ескере кеткен жөн. Сондықтан келіп түскен арыз-шағымдардың көбі мемлекеттік органдардың қызметіне байланысты болады. Осыдан-ақ сауалнама нәтижесіне келіспеуімізге толық негіз бар. Кәсіпкерлер бизнесін дамытып, өркендеткісі келсе жемқорлық әрекетіне бара қоймайды, арыз-шағым білдірмейді. Арыз-шағым келіп түскен жағдайда былтырдан бері бізде жүйелі түрде шешу жолдары қалыптасқан. Сөз болған кәсіпкерлердің құқығын қорғау мақсатында 2,2 млрд. теңге бөлінген. Республика көлемінде салыстырар болсақ, бұл — үшінші орындағы көрсеткіш. Осы уақытқа дейінгі есепке жүгінсек, арыз-шағым біздің мекемеде 13,8 пайызға азайған, — деп Нұрбек Қарасайұлы мәлімдеме жасады.

Көптеген кәсіп иелерінен «бұл сауалнамаға қатыспадық, сырттай баға беру арқылы өңір кәсіпкерлерінің құқығын бұзып отыр» деген шағымдар түскеннен кейін Кәсіпкерлер палатасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің облыстық филиалы мен прокуратураға байланысқа шыққан.

Аталған екі мемлекеттік мекеме мәліметінде жемқорлық әрекеті расымен Маңғыстауда 13 пайызға төмендегенін алға тартқан. Яғни, кәсіпкерлер палатасы мен өзге де мекемелердің мәліметі сәйкес шығып отыр. Осыдан соң кәсіпкерлер жүргізілген сауалнама біржақты деген ой түйгендерін айтады. Сондай-ақ ақпаратта барлық мекемелердің алатын пара көлемі 300 мың теңге деп көрсетілген. Бұл кәсіпкерлердің сауалнамаға деген күмәнін тіптен еселейді.

Маңғыстау облысында өз ісін дөңгелетем деушілерге біршама оңтайлы бағдарламалар жетерлік. Мемлекеттік бағдарламалар бизнесті нөлден бастап құрып, оны лайықты жүргізуге себепші. Мысалы, «Нұр Капитал» бағдарламасы кәсіпкерлерге 1 пайызбен несие алуға көмектеседі. ТМД елдерінде баламасы жоқ бағдарламаның аясында екінші деңгейлі банктерге көлемі 3 млрд. теңгеге татитын 200 жоба ұсынылған. Оның 1 млрд. 230 млн. теңгесі, яғни 65 жоба игерілген. Соның арқасында 575 жұмыс орны құрылды.

— Сауалнама қорытындысы күмән туғызып, тіпті таң қалдырғаны жасырын емес. Неліктен сауалнамаға қатысқан 4 мыңнан астам кәсіпкердің аты аталып, жария етілмеген. Деректерін растайтын құжаттар ұсынылмаған. Осы тұрғыда стратегиялық орталық жеке мекеме екенін ескеру қажет. Төрт мың кәсіпкер республикадағы барлық бизнесмендердің өлшемі дегенге кім сенеді, — деп Нұрбек Қарасаев мәселенің өзектілігін айта кетті.

Кәсіпкерлер сауалнама қорытындысымен келіспейді

Мән-жайға қанығу мақсатында жеке кәсіпкерлерге сауал тастап, өз пікірін білдіруді сұраған болатынбыз:

— Бизнеске келгеніме биыл 22 жыл толды. Осы жылдар ішінде жемқорлыққа араласып көргенім жоқ, соның арқасында кәсібім өркендеп отырған болар деп ойлаймын. Сауалнама жайында естімедім, тіпті менің таныс кәсіпкерлерім де бейхабар болып шықты. Кәсіпкер ретінде сырттай менің құқығым тапталып отыр деп айта аламын. Барлық жерде 300 мың теңге деп көрсетілген. Неліктен бәрі — біркелкі. Кәсібін дөңгелетем деп алғаш бизнес ашқан адам мұндай көлемде қаржы ұсына алуы мүмкін емес. Шынайылығын ашу үшін әлде де тиісті шаралар қолданамыз, — дейді, сүт және нан өнімдері мен макарон цехының иесі Зарета Фаталиева.

Естеріңізге сала кетейік, Стратегиялық зерттеулер орталығы Қазақстан
бойынша 4 мың кәсіпкер қатысқан әлеуметтік сауалнама мәліметтерін жариялады.

                         Мадияр ТӨЛЕУОВ