Табиғаттың тосын мінезіне таңырқаудың қажеті жоқ. Әсіресе, жазғұтырғы жаңбыр жылда болмағанымен жыл аралап жаңаөзендіктерді қарбаласқа салып тұрады. Бірақ оны өткен жылдағыдай құрғақшылықта қайтадан ұмытып кетеді. Бір күндері қайтадан жаңбыр жауса, халық қайтадан зардап шегіп, әбігерге түсер-ау деген ой ешкімнің үш ұйықтаса түсіне кірмейтіні жаман. Тек үйлер жаңбыр суының астында қалып, телефон шалып, тынымын алып, түн ұйқысын төрт бөлгенде ғана аяқастынан тыпырлайды да қалады.

Жалпы Жаңаөзенде жазғұтырғы жаңбырдан жапа шегетін белгілі-белгілі нүктелер бар. Оны жұрттың бәрі жақсы біледі. Ал әлгі мотопомпа, өрт сөндіру мәшинелері мен су тасушы мәшине жүргізушілерінің құлақтарына хабар тиюден жылдағы үйреншікті орындарына шаба жөнеледі. Бірақ оның «емін» билік әлі таппай жүрген секілді.

Ондай белгілі нүктелер қала көшелерінде, әсіресе асфальттанған көшелердің ойдым-ойдым ойпаң жерлерінде бар. Рахат ауылында 7-8 жерде, Теңге ауылының 5-6 жеріндегі су көп іркілетін көшелерді іздемей-ақ тауып алуға болады. «Рауан» шағынауданындағы №9, 10 үйлер де ойпаң жерге орналасқандықтан ол да «қауіпті аймаққа» жатады. Тіпті шағынаудандағы бүкіл ақаба су №9 үйдің жертөлесіне үйір. Өрт сөндірушілер келіп жетемін дегенше әлгі жертөле аузы-мұрнына дейін шүмпілдеп толады. Сосын жазымен маса, сона, құрт, құмырсқаның сүйікті орнына айналады.

Міне, 1 сәуір күні түнде басталған жаңбыр 2 сәуірде түске дейін күшейіп, түстен кейін кешке дейін сіркіреді де тұрды. 1 сәуір – күлетін, алдайтын күн болғандықтан ба, алғашында әкім қаралар көмек сұрап, телефон шалған тұрғындардың сөзіне сенбеген сияқты. Себебі су соратын көліктердің басын біріктіре алмай бір мезгіл жүріпті. Сол сіркіреп жауған жаңбыр суы бұрынғының үстіне жамалып, ауылдар мен қала халқын біраз әбігерге салды. Рахат ауылының кейбір тұрғындары «Көшедегі ақаба сулардың ағыны ауламызға жайылып, үйлерімізге құйыла бастады. Оның алдына бөгет жасап, арнасын бұруға  шамамыз жетпей жатыр» деп жан-жақтан дабыл қағып жатты.

— Таңертең ауылымыздағы «Рахат» шағынауданының 1, 4, 9, 10 көшелері мен «Ақсу» шағынауданының 6, 9 көшелерінің тұрғындарынан шұғыл көмек сұраған сұраныстар түсті. Соған су соратын бір көлік жібердік. Түстен кейін «Өзенмұнайгаздан» тағы су соратын 2 көлік келеді деп күтіп отырмыз, — дейді Рахат ауылының әкімі Өсербай Табыншаев. – Шамасы әлі де мұндай жерлер көбейетін шығар. Себебі аспандағы бұлт жуық арада сейілетін түрі жоқ, тұтас. Жаңбыр азаннан бері әлі жауып тұр. 1-2 сағат тынбай жауса ауылдың біраз жерін су алатыны белгілі. Ақаба сулар қашан күннің көзі түсіп, өзі жерге сіңгенімен әуелі шалшыққа, кейін қою батпақ балшыққа айналып көпке дейін кеппей жатады. Сол үшін биылдан бастап «Ақсу» шағынауданының 5 және 6 көшелерімен басқа да бірқатар көшелерге арнайы суағарлар жасауға қаржы қарастырылып жатыр. Жобалық сметалық құжаттары жасақталды.

№6 шағынаудан деп аталатын «Рауанда» да қарбалас жұмыстар жүргізілуде. Бір жерде  жоғарыда айтқан №9 және 10-үйлердің айналасына қолдағы бар күш жұмылдырылған. Сол жердегі ЖПИК-тің 4-5 жұмысшысы қалталарға құм салып, оның үстін топырақпен көміп, бөгет жасап, ағын судың алған бағытын өзгертіп жүр. Екінші бір жерде, №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің 1 көлігі мен 3 мотопомпасы жұмыс істеп тұр. Оған бөлімшеден 10 өрт сөндіруші жұмылдырылған. Мұндай жұмыстар сол күні түн ортасына дейін жалғасты. Қалғаны тағы ертеңгі күннің еншісіне қалды.

Қарап отырсаң табиғаттың тосын мінезіне тосқауыл қойып, тұрғындарды қарбаластан құтқару үшін қаншама адам күші мен техникалар жүр. Ал оларды іске қоспасаң апаттық жағдай болуы мүмкін. Тұрғындардың баспаналарын айтпағанда мұнай мен газ құбырларынан басқа коммуникациялық жүйелер жер астында жұмыс істеп тұр. Солардың бірі болмаса екіншісіне зақым келсе қанша уақыт қолбайлау болатынын құдай білсін. Оған кететін қаржылай шығынды және қосыңыз.

Ал қазірдің өзінде жұмсалып жатқан шығынды экономистер есептей жатыр. Өйткені жаңбырдың суын тойтару үшін қала мекемелерінен жоғарыдағы біз айтқандардан басқа көптеген техника іске қосылып, біраз жұмысшы жұмылдырылды. Осылардың жанар, жағар майларына, жалпы амортизациясына жұмысшылардың жіліншік майын (еңбек ақысын) қосқанда адамның шашының саны демей-ақ қояйық, шоттың тасының саны-ақ біраз көрсеткішті анықтап тастайды. Сондықтан әр жылы жұмсалатын осынша шығынның басын қосып, төмендегідей шараларды іске асырса «Құда да тыныш, құдайғай да тыныш» болар еді деген ойдамыз.

Жаңаөзеннің шығысы мен батысынан, әлде арқа жағынан немесе құбыласынан бірнеше мың текше метрлік сыйымдылыққа ие жерасты сусақтағышы (септик) салынса нұр үстіне нұр болар еді. Оған қаланың және ауылдың ойпаң көшелерінен жабық дренаждар тартылып, қар-жаңбырдың көшелерге кілкіп кететін ақаба сулары әлгі алып септиктерге құйылып тұрса. Қар-жаңбырдың суының дәмі сірә кермек емес, тұщы. Оған қоса Жаңаөзеннің жері сортаң емес. Демек, септикке жиналған су ашымайды деген сөз. Ол суды жазда әбден тұнғасын басқа мақсаттарға  пайдалануға болады. Әйтпесе, көктемде өзінен-өзі ағып келген жабық дренаждар арқылы, яғни құбырмен кері ағызып, көгалдандыру жұмыстарына қолдануға да болады. Күнделікті жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына пайдаланса да артықшылық етпейді. Сонда сонау Қиғаш арқылы Еділден келіп тұрған таза ауыз сулар үнемделеді. Өзінен-өзі жиналған тегін су «Тазалық» әлде «Өзенинвест» сияқты мекемелердің құзырына беріп, жауапкершілігіне жүктеп, тұрғындардың өзіне арзандау бағамен қайта сатса да болады. Бұл екіншіден, қаржы табуға да септігін тигізеді. Бірақ оған ерінбейтін еңбекқорлық пен ең бастысы құнт керек.

Дегенмен менің осы ұсынысымның түбінде іске асатынына кәміл сенемін. Өйткені суға деген сұраныстың әлемдік деңгейде күшейіп келе жатқандығын, тіпті проблемаға айналып бара жатқандығын өмірдің өзі қазірден-ақ көрсетуде. Сондықтан тиісті мамандар мен басшылар бұған мысқылдап, миығынан күліп, кері тартпай, осындай игілікті істерді дер кезінде жүзеге асыруға құлшыныс танытса, ештеңеден ұтылмайды. Керісінше ұтады.

Мұратбай ҰЛЫҚПАН

Сурет автордікі