тігін фабрикасы

Бүгінде мемлекет жеке кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп келеді. Өз кәсібін ашып, ісін жүргіземін деген әрбір жанға мемлекет деңгейіндегі бағдарламалар көмекке келіп, демеп жатыр. Мұнайлы ауданы көлемінде кәсібін табысты жүргізіп отырған бизнес өкілдерінің саны күн санап көбеюде.

Сондай жандардың бірі жаңа заман талабына сай тез бейімделген кәсіп иесі – Баян Абдулаева. Ол осыдан сегіз жыл бұрын кәсіпкерлікке бет бұрып, оның ыстығы мен суығын қатар көрді. Сол тынымсыз еңбек пен шыдамдылықтың арқасында өз мақсатына жетті. Қазір Мұнайлы ауданындағы тігін фабрикасының басшысы. Жоғары оқу орнын тігін өнімдерінің инженер-технологы мамандығы бойынша бітірген. Осындай дәрежеге жету үшін 20 жыл осы салада қызмет етіп, мол тәжірибе жинақтаған. Бүгінде аудандағы белді кәсіпкерлердің бірі.

тігін фирмасы
Баян Абдулаева

— Тігін тігуге жастайымнан қызықтым. Кейін осы жолды таңдап, білімімді ұштадым. Алған білімім бар, еңбек ете жүріп жинақтаған тәжірибем бар, кейін келе заман ағымына сай кәсіпке айналдырдым. Нәтижесі жаман емес. Мемлекет барынша қолдау білдірді. Өте ризамын, – дейді ол.

Әрине, алғашында кім болса да бизнесті бастағанда жүрексінетіні бар. Бірақ «Нартәуекел десең, теңізден өтерсің» деген де сөз бар ғой. Соны негізге алған Баян — алғашқы жылдары фабриканың ғимаратын жалға алып, кейін мемлекеттің қолдауымен жеке ғимаратқа қол жеткізген жан.

— 2015 жылы жер сатып алып, тігін фабрикасының құрылысын бастадық. Ғимараттың құрылысын аяқтауға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен екінші деңгейлі банк арқылы жеңілдетілген 16 пайыздық мөлшерлемесімен несие алдым. Оның 10 пайызын мемлекет субсидиялады. Қалған пайызын өзіміз өтеп жатырмыз. 2017 жылы осы ғимаратты кеңейту мақсатында 15 пайыздық мөлшерлемесімен тағы несие алып, жұмысымызды жүргізіп отырмыз. Бұл несиенің де 10 пайызын мемлекет субсидиялайды. Бұл кәсіпкерлер үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен қолдау деп білемін, – дейді кәсіпкер Баян Абдулаева.

тігін фирмасы
Суретті түсірген Талант Құсайын

Бүгінде тігін фабрикасы заманауи құрал-жабдықтармен, жаңа технологиялармен жабдықталған. Тігінге қажетті өнімдер Ресей, Қытай, басым бөлігі Түркия мемлекеттерінен алынады. Соның нәтижесінде Баян Базарқызы басқаратын тігін фабрикасында 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұнда ұлттық ою-өрнектермен безендірілген көрпе-төсектер, түрлі құрақтан тігілген бұйымдар әзірленіп, тапсырыс қабылдайды. Алдағы күнге белгіленген жоспары да биік. Халыққа заман талабына сай жаңа өнім түрлерін ұсыну ниетінде. Баянға және оның ұжымына тек табыс тілейміз.

тігін фирмасы
Суретті түсірген Талант Құсайын

Сөз соңында замандастарыма айтарым — белгілі бір кәсіптің тізгінін ұстап, заман көшіне ілесу жағын ойлаған жөн. Әсіресе, жастарымыз жігерлілік танытып, мемлекет барынша қолдау білдіріп отырған кезде батылдық танытып, кәсіп ашсақ, нұр үстіне нұр болары анық. Оған Баян замандасымыздың батыл қадамы толық дәлел бола алады.

Нұргүл АЛЯСОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз