astana Астана

Еліміз кәрі тарихтың қандай қаһарынан да, талай тар жол, тайғақ кешулерден де өтіп келеді. Жұмылып жұдырық, ашылып алақан болуының арқасында ата-бабаларымыздың арманы болған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ойсыраған ортамыз оңалды, түскен еңсеміз көтерілді. Береке-бірлігімізден, ірілігімізден айырылған жоқпыз. Еуразияның орта тұсы – Ұлы даланы жайлаған жалпақ жұрт өз мемлекетінің шекарасын ресми анықтап, БҰҰ-ның құрамынан өз орнын алды. Бұл мыңдаған жылдық тарихы бар халқымыздың басында бұрын-соңды болмаған ұлы оқиға екені сөзсіз. Аюдай айбатты Ресеймен, аждаһадай айбарлы Қытаймен тең дәрежеде мемлекетаралық қарым-қатынас орнатып, қазақтың көк байрағын бүкіл дүниеге мойындату, ата-бабаларымыздан армандап келе жатқан ұлы мұратымыз емес пе еді?!

Әрине, біздің арғы бабаларымыз бұрын да өздерін осы Ұлы даланың қожайыны сезінді, білек күші, найза ұшымен осы кеңістікті сақтап, ұрпағына аманаттады. Бірақ іргелес елдермен, толық ресмиленген тарихи құжаттарға қол қойып, әлемнің саяси картасына тәуелсіз ел ретінде ену еншісін көру, біздің заманымызда қазіргі ұрпаққа бұйырды.

Елбасы Н.Назарбаевтың жақында жа­рияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан тұтатын халық­тың болашағы зор» және соған жалғас «бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының ке­пілі» деп атап өтілген болатын. Мемлекеттің дәреже­-деңгейін, күш­-қуатын танытар істер де, өлшемдер де аз емес. Еркіндік пен азаттыққа қол жеткізген тәуелсіз елдің сондай ұлы іс­терінің бірі – Еуразия­ның жүрегінде еліміздің байтағы Астанамыз салынып, Ақордамыздың тігілуі болатын.

Атырау мен Алтай арасында жатқан құрыш білекті, жолбарыс жүректі Ұлы дала елі – бар қазақтың табанын тірер тұрағы, арқа сүйер асқары болса, Астана сол елдің жүрегі. Жиырма жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бас болып, қалған елі қостап, елордасы Алатаудан Сарыарқаға көшкен болатын. Бұл ұлы оқиға қазірдің өзін­де, тарих үшін қас қағым сәт болса, уа­қыт қойнауының беттеріне, дәлірек айт­сақ Қазақ елінің шежіресіне, мемлекет жылнамасына алтын әріппен жазылар ұлы істер еді. Міне, Елбасының сол батыл қадамының нәтижесін көріп отырмыз.

Сұлулығы мен ажары, сәні мен салтанаты, жастығына қарамастан, әлемнің мыңжылдық тарихы бар астаналарымен қатар аталып, иықтас тұрған байтағымыз Астана – тәуелсіздігіміздің тірегі, ел мерейінің асқақ шыңы. Өйткені Астана азаттық алған еліміздің өз қалауы. Елдігімізді көрсеткен, ерлігімізді көрсеткен елдің – жаңа байтағы. Астана – ел болып жұмылудың арқасында тұрғызылған, елдегі ауызбірлік пен татулық салтанатының белгісі.

Иә, кешегі шағын облыс орталығының аз ғана уақыт ішінде әлемнің әсем ша­һарларының қатарынан нық орын алуы– таңғалмасқа болмайтын жағдай. Солай болуы жөнді де. Өйткені Астана жобасы – тек бір қаланың жобасы емес, бүкіл ел тағдыры үшін сын болған ұлы бастама. Түсіне білсек, мұнда бүкіл қазақ мемлекеттігінің тағдыры сынға түсті.

Нәтижесінде, қазір Астана тек астаналықтардың ғана емес, кең­ байтақ қазақ даласын мекендеген барша қазақстандықтардың мақ­танышына айналды.

Сонымен бірге саяси­-экономикалық, мәдени­-әлеуметтік тұрғысынан жедел дамып келе жатқан, діни татулық пен тұ­рақтылықты ту етіп көтеріп келе жатқан Астанамыздың атағы әлемге жайылуда. Бұл Астананың қазақ мемлекетінің шегінен шығып, Еуразияның мақтаны­шына айнала бастағандығы. Бұлай бола­тын себебі де бар. Өйткені біздің елордамыз географиялық тұрғыдан алғанда Еуразияның нақ жүрек тұсында жатыр. Құс қалықтар биіктен көз салғанда «Бәйтерек» осы алып кеңістіктің дәл кіндігіне қағылған  алтын  қазық  секілді көрінетіні анық. Ел­-жұртымыз бұл күндері «Бәйтеректі» тек мәртебелі қо­нақтар көтеріліп, елорданың көркін та­машалайтын мұнара ретінде ғана емес, оны ел дамуының асқақ символы деп қабылдайды.

Батыс адамының ұғымында аспанмен таласқан сәнді ғимараттар сол елдің дамып, түлеуінің дәлелі деп ұғынылады. Ендеше Астанадағы Есілдің сол жағалауы­нан бой түзеп, көкке ұмтылған ғимараттар осы ұғымды толық айғақтайды.

Мұхиттың арғы бетіндегі елдерде қала­ның ішіндегі қала «Даун­-Таун» деген атауды иемденген. Онда сол қаланың іскерлік, бизнес, мәдени орталықтары топтаса­ды. Мысалы, Атлантадағы Атлантик Си­ти, Нью­-Йорктегі Манхэттен, АҚШ-­тың мұнай орталығы саналатын Хьюстондағы Гринуэй Плаза және т.б. жоғарыдағы ойы­мыздың айқын дәлелі. Есілдің сол жа­ғалауынан салынып жатқан қала да солар сияқты қала ішіндегі қалаға айналуда.

Қазақтың арман, қиялын асқақтатқан небір сәулет өнерінің озық туындылары осында туындады. Талайды таңғал­дырған озық сәулет жауһарлары осында асқақтады. Оларды атай отырсақ, жер жүзінде мәңгілік символы деп танылатын ежелгі пирамида кейпінде адамзат баласын бірлік пен татулыққа шақырған – Бейбітшілік пен келісім сарайы, бүкіл қазақ мемлекеттігінің шежіресі мен қуатын бойына жинаған көк тіреген – «Қазақ елі» монументі, энергия көзінің жаңа технологияларымен таныстыратын – «ЭКСПО–2017», «Мәңгілік Ел» кешендері, «Астана опера», «Астана балет» сұлу ғимараттары және т.б.

Астананың сән­-салтанаты әлемнің қай қаласымен де бәсекеге түсе алатын жағдайға жетті. АҚШ-­тың Лас-­Вегас, БАӘ-­дегі Дубай қалаларының орталық алаңдарынан туристер жер жүзінен келіп көретін «әуенді­-фонтандарды» тамаша­лағаным бар. Өзінің әсері мен сән-­сал­танаты жағынан Бәйтеректің жанын­дағы біздің бұрқақ та сол Лас­Вегас пен Дубай ғажайыптарынан кем түспейді. Айырмашылығы көлемінің кішілігінде ғана.

Бағаналы ордамыздың сұлу сипатын өз көзімен көруге құштар бір қауым ел, киелі Маңғыстауды мекен қылғандар арасында да баршылық. Елдің ең батысына орналасқан Маңғыстау мен Отанымыздың жүрегі – арқа төріндегі Астана арасын екі мың шақырым бөліп жатса да, бүгінгі таңда бұл қашықтық сезілмейді де. Ата­-бабамыз айшылық жолды атпен кесіп өтсе, оның бүгінгі ұрпақтары қазіргі заман жетістіктерімен екі-­үш-­ақ сағатта ұшақ­пен қатынаса алады. Ашылуына Парламент депутаты кезімде септігім болған Маңғыстау – Астана бағытындағы жүрдек пойыз да еліміздің екі қиырындағы аға­йындардың қарым­-қатынасына қызмет етіп жатқаны мақтаныш сезімін туғызады.

Астана – жастар қаласы. Онда еліміздің түкпір-­түкпірінен келген жастар, елдігіміз бен ерлігімізді нығайтқан бас ордамыз­дың өркендеуіне үлес қосуда. Оның ішінде Маңғыстау жастары да ойып тұрып орын алады. Жыл сайын Астана қаласына Маңғыстаудан үкілі үміт арқалап жүздеген бала оқуға келеді. Білім мен ғылымның ордасына айналған Астананың құшағы кең-­байтақ еліміздің қай түкпірінен келмесін, білім қуған қай ұланына да ашық.

Астананың айшықты сән-­салтанаты бүкіл елдегі сәулет өнерінің дамуына алып келді, бүкіл қазақстандықтардың санасының сілкініп түлеуіне себеп болды, баршамызға рух, дем берді. Елбасы Н.Назарбаевтың «Ең қиын жылдары, біз, елдің жаңа байтағын – Астананы салдық, біз осыны ешкім сенбеген кезде тұрғыздық. Біз осыны жасадық, мұны әлем көріп отыр…» – деген сөздері Астананы тұрғызған қазақстандықтардың қажырлы еңбегі мен осы ұлы істің айналасына айрандай ұйып топтасқан отандастарына сүйсінгендіктен берген бағасы болар…

Астана идеясы – Елбасының жүрегінен жарып шыққан ой. Ол қазір өмір шын­дығына ұласты. Береке­-бірлікке арқау болып, халқымыздың дамуына екпін беруде. Бұралаңы мен бұлтарысы көп қазіргі нарық заманында Президент Н.Ә.Назарбаевтың осы жобасының қазақ халқы үшін қаншалықты саяси, тарихи маңызды болғанын қазіргі ұрпақ мүмкін толық бағамдай алмас, бірақ уақыт өте келе бұл ғасыр жобасы тарихтан міндетті түрде өз бағасын алады.

Қазір барша қазақстандықтар – тағдыры бір халық. Бүгінгі еліміз жеткен жетістіктер барлық қазақстандықтардың жеңісі. Біз бірге болғанда ғана асқар шыңдарға шығып, биігінен көрінеміз! Біз бірге бол­ғанда ғана кемел келешектің үкілі үмітіне айналамыз!

Еуразияның дәл кіндігінен, кешегі еркін көсілген атамекен Сарыарқаның төсінде дүниенің өркениетіне тән жақсылықтың бәрін бойына жиған  әсем  де  көркем қала көз алдымызда өсіп келеді. Солай болуы заңды да. Өйткені Астана жобасы – бүгінде іске асқан Елбасының ұлы жобалары ішіндегі сүбелісі. Қазір Астана тек астаналықтардың емес, кең­ байтақ қазақ даласын мекендеген барша қазақстандықтардың мақтанышына, озық идеялар мен нақты істердің ұйтқысына айналды.

З.АЛШЫМБАЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері,

Маңғыстау облысының құрметті азаматы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз