Теңіз жағалауында

Теңіз жағалауында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында және Құрбан Айт мейрамына орай мерекелік фестиваль өтті.

«Expo&Women» халықаралық қоғамдық ұйымының Маңғыстау филиалының қолдауымен өткен шара аясында асық ату, арқан тарту, гір тасын көтеру, тоғызқұмалақ, қол күресі және шахмат сайыстары ұйымдастырылды. Оған Ақтау қаласы, аудан, ауыл тұрғындары мен қонақтары қатысуға мүмкіндік алды.

-Біздің өңірімізде небір керемет өнер иелері, қолөнер шеберлері бар. 2020 жылы Дубайда өтетін  Экспо көрмесіне сол шеберлерді апаруды көздеп отырмыз. Астанадағы көрмеге барғанымызда  осындай тапсырма алдық. Соған қазірден дайындық жұмыстары басталып кетті. Түрлі фестивальдер, шаралар өткізіп, халықпен қатынас арқылы дарынды, талантты жандарды ортаға шығармақпыз. «Expo&Women» ұйымының мақсаты – қазақтың рухын көтеру, патриотизмге шақыру, «Мен қазақпын» деген түсінікті кеңінен көрсету. Сондай-ақ, ұлттық спорт түрлерінің дамуына ықпал ету, ауыл-аймақ, елді мекендегі талантты, өнерлі тұлғаларға қолдау көрсетіп, насихаттау.  Осы шара аясында да қатысушылардың керемет туындыларына куә болдық. Неге оларды Дубайға апарып көрсетпеске? – дейді «Expo&Women» халықаралық қоғамдық ұйымының Маңғыстау филиалы директорының орынбасары Маржан Тилемесова.

Тағы оқыңыздар: Маңғыстау облысында «Еңбек жолы» байқауына дауыс беру жүріп жатыр

Алдағы уақытта да мұндай спорттық, мәдени шаралар жиі өткізілмек.

-Сондай-ақ, Басқұдық ауылының аула клубын ерекше атап өткім келеді. «Кәусар» би тобы, жыршы, терме топтары фестиваль аясында  белсенді өнер көрсетті. Аула клубының меңгерушісі  Құлымтанов Жақсыбай Айтөреұлына ерекше алғысымызды білдіреміз, — деді Маржан Тилемесова.

Шара соңында қатысушылар арнайы дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН