Паштановтар отбасының екі бөлмелі жатақханасы

«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының ықпалымен вагонда тұрып жатқан Паштановтар отбасының мәселесі оң шешімін тапты. Жоқшылықтың азабын тартып, 3 жылдан астам уақыт адам төзгісіз жағдайда өмір сүрген отбасының жағдайы бүгінде біраз жақсарған.

«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының кезекті қоғамдық қабылдауына келген Айтбике, күзетші болып жұмыс істейтін күйеуі Сапар Паштановтың 2 айдан бері жұмысынан еңбек ақысын ала алмай жүргенін айтып, шағымданады. Азаматшаның арызын тыңдаған қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі М.Жайлыбаев тиісті мекемеге қоңырау шалып, төленбей жүрген еңбек ақысын өндіріп беруге көмектеседі.

2
Паштановтар отбасы тұрған вагон

Партия тарапынан мәселесі оңынан шешілген соң, Айтбике Әбішова қамқор жандарға алғысын айтып тағы келеді. Партия қызметкерлері әңгімеге тартқанда, жас келіншек отбасымен Ақтау қаласындағы 6 шағынауданда орналасқан вагонда тұратынын, 3 баласы бастауыш мектепте оқитындығын айтады. Жолдасы Сапардың тапқан 30 мың теңгесі мен балаларына алатын мардымсыз жәрдемақасы ішіп-жемнен артылмайтынын, пәтер жалдап тұруға шамалары келмейтінін айтып, налиды. Кенже ұлына қарайтын адам болмағандықтан жұмысқа шыға алмай отырғандығын да жеткізеді.

Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін біз де Айтбикенің отбасымен жақын танысуға бардық. Бұл отбасы 6 шағынаудандағы етік жөндейтін вагонында тұрады екен. Қуықтай бөлме (егер бөлме деп айтуға келетін болса) ерлі-зайыптылар мен 4 баланың жатар орны мен асханасына айналған.

3
Паштановтар отбасының вагонда тұрған кезі

— Екі қызым мен екі ұлым бар. Үлкен қызым Ақмарал-11 жаста, кенже ұлым Мақсат-3 жаста. Жолдасым бір мекемеде күзетші болып жұмыс істейді, тапқан табысы күнделікті тамағымыздан артылмайды. Ел қатарлы дұрыс тамақтанбаймыз да. Мектепке баратын балаларымызға киім алмағалы да біраз жыл болды. Өзім жұмысқа шығайын десем, үйде ұлымды қарайтын адам жоқ,-дейді 37 жастағы Айтбике Әбішова.

Сапар Паштанов-«Келимбер» ЖШС-да күзетші болып жұмыс істейді. Жалақысы 30 мың теңге. Көп жағдайда ол жалақы да уақытылы берілмейді. Бұл отбасы осыдан үш жыл бұрын Жаңаөзен қаласынан облыс орталығына қоныс аударған. Алғашқы жылдары пәтер жалдап тұрған көрінеді. Тапқан табысы күнделікті ішіп-жемнен, балаларының қажеттіліктерінен артылмағасын пәтер ақысын төлеу қиынға түскендігін айтады.

4
Паштановтар отбасының вагонда тұрған кезі

— Вагонды бізге тегін берген етік жөндеу шеберханасының басшысына ризашылығымызды білдіреміз. Далада тұрғаннан жақсы ғой… Өзім Жаңаөзен қаласына Өзбекстаннан 2000 жылы келдім. 2005 жылы тұрмысқа шығып, отбасын құрдым. Алғашқы жылдары отбасымызбен ағамыздың үйінде тұрдық. Кейін жолдасым Ақтау қаласынан жұмыс тапқасын осы жаққа көшіп келдік. Алғашқы жылдары пәтер жалдап тұрсақ, қазіргі баспанамыз-вагон. Балаларым да жиі сұрақ қояды, неге біз ел қатарлы үйде тұрмаймыз, неге біздің үйіміз жоқ? деп. Не деп жауап берерімді де білмеймін… Жолдасым бірнеше ай жалақысын ала алмай жүргенде ««Нұр Отан» партиясына барып, көмек сұра» деп таныстарым ақылдарын айтты. Біздің айтқан проблемамызға немқұрайлы қарамай, дер кезінде шешіп берген партияға айтар алғысым шексіз. Енді баспаналы болуға көмектессе екен,-деді біздің басылымға берген сұхбатында Айтбике Әбішова.

Вагонда тұратын отбасының жағдайымен танысқан сол кездегі «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Халила Нұрғалиева Паштановтар отбасына 23 шағынаудандағы жатақханадан екі бөлме алуға көмектесті. Жанашыр жандардың қамқорлығына бөленген Айтбикенің де өмірге деген көзқарасы өзгеріп, жаңаша өмір сүруге талаптанды. Қазіргі таңда Паштановтар отбасы 23 шағынаудандағы 100а жатақханасының 2 бөлмесінде тұрады. Одан бөлек, партия қызметкерлері Айтбикенің балабақшаға жұмысқа орналасуына да көмектесті, кенже ұлын балабақшаға алдырды. Бүгінде Сапар да сол балабақшада бағбан болып жұмыс істейді.

5
Ақмарал бапкері Ерлан Байысбаймен

— Қуанышымда шек жоқ. Біздің проблемамызға атүсті қарамай, бір айдың көлемінде баспаналы болуға көмектесіп, қамқорлық танытқан жандарға айтар алғысым шексіз. Құдайға шүкір, тұрмысымыз түзеліп келеді. Партияның ықпалымен жұмысқа орналастым, балаларым сабақта, кенже ұлым балабақшада. Жолдасым да жұмысына барып жүр, айлығымызды да уақытылы алып тұрамыз. Жақында құжаттарымды жинақтап, үй кезегіне тұрдым. Балаларым да сабақтан бос уақытта «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі спорт секцияларына қатысып, жүлделі орындарды иеленіп, бізді қуантып жүр. Ақмаралым-спортпен айналысқанынан аз уақыт болса да, дзюдодан өткен облыстық чемпионатта топ жарып, алтыннан алқа тақты. Партия қызметкерлері мерекелерде арнайы келіп құттықтап, азық-түлік өнімдерін тарту етіп тұрады,-дейді Айтбике Әбішова.

Венера МИРЛАН
Суреттерді түсірген автор