Балалардың церебральды сал ауруы — соңғы жылдары ең кең таралған аурулардың бірі болып отыр. Бұл ауру шала дамудың немесе онтогенезде мидың зақымдануынан пайда болады. Бүгінгі таңда, ресми мәлімет бойынша, елімізде осындай диагноз 10 мыңнан астам балаға қойылған. Бұндай балалар жыл сайын кем дегенде 3-4 рет ем қабылдап отырулары тиіс. Осындай дертке шалдыққан науқас балаларға қолдау көрсетіп жүрген қаладағы «Жұлдызай» медициналық оңалту орталығы мамандарының атқарып отырған еңбегі зор.

Шуақты көктемнің алғашқы айында «Жұлдызай» орталығында сал ауруына шалдыққан 5 баланың тұсауы кесілді. Тұсауды орталықтың білікті дәрігерлері кесіп, қазақтың салты бойынша алап жіп тағып, ақжол төсенішін төсеп, болашақтарына сәттілік тіледі. Ата-аналар орталықтың мамандарына алғыс айтты. Шара соңы балалар ұйымдастырған концертке ұласты. Сырқаттарынан толыққанды айықпаса да, бүлдіршіндер өздігінен отыруды, тіпті жүруді де үйрене бастаған. Бүгінде орталықта 135 бала тіркеуде тұр. Әр балаға бір курстық ем 21 күн жүргізіледі. Нәтижесінде емделушілердің жалпы бұлшық ет тонусы нығайып, ұсақ моторикасы жақсарған. Жүйелі жұмыстың арқасында олардың 50 пайызында оң өзгерістер бар екен. Бұл — жақсы көрсеткіш. Мұнда невропатолог, инструктор, массаж жасаушы, физиотерапевт сияқты маман қызмет жасайды. «Жұлдызайдың» шарапаты әлі талай бүлдіршіннің аяғынан тік тұрып кетуіне септігін тигізетіні анық.

Гүлсім ОСПАН

Изображение 096