2 желтоқсанда Алматы қаласындағы «Балуан Шолақ» спорт сарайында Қазақ күресінен абсолюттік «Әлем барысы» чемпионаты мәресіне жетті. Төртінші рет өткен қазақ күресінің турнирінде Ресей балуаны барлық қарсыластарынан басым түсті.

Әлемнің 30 елінен 33 балуан қатысқан сында Қазақстан атынан А.Нұғымаров (ШҚО), Р.Әбдіразақов (Алматы қаласы), М.Исағабылов (Қызылорда облысы), Н.Жарылғапов (Маңғыстау облысы) сынды балуандар бақ сынады. Олардың арасынан тек екі балуан ғана жүлдегер атанды.

Жарыс қорытындысы бойынша финалда Роман Бобиков Айбек Нұғымаровпен күресіп, жеңіске жетті. Үшінші орын үшін белдесуде Мақсат Исағабылов өзбекстандық Мухсин Хиссомиддиновтен басым түсті.

Бұған дейінгі «Әлем барысы» турнирінде бір рет кубалық Оскар Брайсон (Павлодар-2014) жеңімпаз атанған болатын. Одан кейінгілерінде бас жүлде Қазақстан еншісінде қалған. «Әлем Барысына» бірнеге рет қатысқан Роман Бобиков биыл жеңімпаз атанып отыр.

Айта кетелік, Айбек Нұғымаров барлық турнирлерде финалға дейін жетіп, оны екеуінде жеңімпаз атанған.