Кеше халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың туған күні қарсаңында туып-өскен ауылы Ондыда еңселі ескерткіш бой көтерді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Әдебиеттің алыбы, кемеңгер тұлғаның кең кеудесі мен келісті келбетін бейнелеген ескерткіш өзі білім алған орта мектептің ауласында орналасқан. Игі шараға облыс әкімі Серікбай Трұмов, өңірдің ақсақалдары, жазушының туыстары мен үзеңгілес достары қатысты.

Ашылу салтанатында сөз алған аймақ басшысы Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына арналған іс-шара жыл соңына дейін жалғасатынын айтты. Санаулы күндерден соң елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында туған күніне орай бірнеше шара ұйымдастырылады деді.

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН