Кеше, 2 қазан күні маңғыстаулық 20 сарбаз әскерге аттанды. Маңғыстау облысының Қорғаныс істер жөніндегі департаментінің қызметкерлері №2484 әскери бөліміне ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінде мерзімді әскери қызмет етуге салтанатты түрде шығарып салды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев, Маңғыстау облысы Қорғаныс істер жөніндегі департамент бастығы, полковник Мақсат Тастанов, Қарулы күштер ардагерлері республикалық қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау облысының төрағасы, полковник Нұрлыбай Қонақбаев, Ақтау қаласының Ауған соғысы ардагерлерінің төрағасы Матжан Шаулиев, Маңғыстау облысының Ұлттық қауіпсіздік шекара қызметінің застава «Тарландары» төрағасы, полковник Владимир Колпаков және әскерге шақырылушы азаматтардың ата-анасы атынан Қыдырқожа Елдесбаев келіп, жастарға сәт сапар тіледі.

Маңғыстаулық 20 сарбаз әскерге аттанды (ФОТО, ВИДЕО)

«Қадірлі жерлестер, бүгін барлығымыздың өмірімізде жауапты сәт. Біз өз Отанымызды, елімізді қорғау үшін жастарымызды Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге шығарып салғалы отырмыз. Алдағы ерекше бір жыл азаматтарымыздың сыналар шағы. Сондықтан жастарымыз қиындықтан қашпайтын сарбаз болатынына мен сенімдімін. Қызметтеріңізге сәттілік тілеймін, абыроймен шекараны қорғап, ел алдындағы азаматтық міндетті орындап, аман-есен елге оралыңыздар. Сәт сапар!» — деп өз тілегін жеткізді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев.

Сонымен қатар «Айбын» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері, соның ішінде Ақтаудағы №28 жалпы білім беру орта мектебінің «Жас теңізші» әскери патриоттық үйірмесінің және Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары да салтанатты шараға куә болды. Патриоттық үйірме жетекшісі Сырым Жұмалиевтың айтуынша, елі үшін қызмет етуге аттанғалы отырған жастарды көріп оқушыларымыз жігерлене түседі. Бойында патриоттық, отансүйгіштік қасиеті қалыптаса бастайды.

Маңғыстаулық 20 сарбаз әскерге аттанды (ФОТО, ВИДЕО)

«Бүгін 20 азамат Отан алдындағы борышын орындауға аттанғалы отыр. Шекараны қорғауға бар күш-жігерін салады деп есептейміз. Мен де кезінде дәл осы жерде абыроймен міндетімді орындау үшін Венгрияға әскерге аттандым. Жігіт әскерде сыналады, шындалады. Сол уақытта бізді Венгриядан Ауғанстанға жіберді, сондағы соғысқа қатыстық. Ерлік танытып, жауға қарсы тұрдық. Қазір Аллаға шікір, бейбіт заман. Алдағы бір жыл сіздердің естеріңізде қалатын ең қадірлі кезең болатыны анық. Міне, алдарыңызда сіздерден үлгі алар жас буын тұр. «Айбын» әскери-патриоттық клубының мүшелері өздерің секілді рухты азаматтардан тәлім алады, бой түзейді. Жолдарың болсын», — деді Ақтау қаласының Ауған соғысы ардагерлерінің төрағасы Матжан Шаулиев.

Ал Маңғыстау облысы Қорғаныс істер жөніндегі департамент бастығы, полковник Мақсат Тастанов.  «ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінде мерзімді әскери қызмет етуге маңғыстаулық мықтылардың мықтылары таңдап алынды. Құрметті ата-аналар, «Отаным» дейтін ұлдарды тәрбиелегендеріңіз үшін сіздерге үлкен алғыс айтамын», — десе, Маңғыстау облысының Ұлттық қауіпсіздік шекара қызметінің застава «Тарландары» төрағасы, полковник Владимир Колпаков «Біз осымен үшінші топты шекара қызметінде әскери міндетін атқару үшін шығарып салудамыз. Барлығының денсаулығы жақсы, арнайы тексеруден өтті. Ата-аналарымен сұхбаттасып, әскерге жіберуге келісімін берді. Әскерде жақсы хабарлармен қуантады деген ойдамыз», — дейді ол.

Маңғыстаулық 20 сарбаз әскерге аттанды (ФОТО, ВИДЕО)

Ата-ана тарапынан Қыдырқожа Елдесбаев сөз сөйлеп, әскерге аттанушы азаматтарға бата берді. Салтанатты шара соңында ата-ана, бауыр, туған-туыстары балалармен естелік суретке түсіп, жақсы тілектерін білдірді.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН