Бүгінде ауданымызда жастардың кәсіпкерлікке ұмтылуы қарқынды дамып келеді. Жуырда, «Zhas project» жобасы аясында «Zhan-Aiger» тігін студиясын ашқан Абзал Қараманов «Мектепке жол» акциясы барысында көмекке зәру отбасы балаларына көмек қолын созды.

«Zhas project» жобасы арқылы өз кәсібін дөңгелетіп отырған жас кәсіпкер ауданымыздың экономикалық жағдайын жоғарылатуға атсалысып, бірнеше жасты жұмыспен қамтып отыр.

— Бұл бағдарламаға қатысып, жеңіп шығу мақсатыма айналды. Себебі анам тігіншілікпен айналысады. Және ауданымызда тігіншілік қызметі толық жолға қойылмаған. Сондықтан «Zhas project» жобасы арқылы тігін студиясын ашып, аудан тұрғындарына қызметімізді көрсеткім келді, — дейді Абзал.

Жұмысын енді бастаған «Zhan-Aiger» тігін студиясы жоба аясында әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы отбасынан шыққан мектеп жасындағы 10 қыз балаға мектеп формасын тігіп, жаңа оқу жылына тарту етті.

— Игі іс жасау кім-кімге де жарасады. Бұл жобамен тоқтап қалмай, қайырымды істерді жалғастырамыз деген ойдамыз. Киім тігіп қана қоймай, оның қыр-сырымен бөлісетін шеберлік сабақтарын ұйымдастырып, тігіншілік өнеріне жақын жандармен бас қосып жүрміз, — деп өз ойымен бөлісті тігінші Жанар Меңдіқұлова.

Өз тілшіміз