Сатира өмірдегі кеселді, келеңсіздікті, кері кеткендікті қаза қопарып, көптің көз алдына – көрініске шығарады, қағып, сілкілейді. Мысқылмен түйрейді, сықақ етеді, көпті одан түңілтеді.

Маңғыстау әдебиетіндегі сатира саласында Қыдырбай Тұрмағанбетов, Әзірбайжан Қонарбаев, Сержан Шәкірат, Қожахмет Демеубергенов, Көмек Ыбыраев, Ерекен Қорабаевтар үлгілі жанның антиподы – тоғышар, берекесіз, жалақор, дүниеқоңыз, қызғаншақ, іші тар, маскүнем тәрізді адами қасиетке жат жандардың образын жасауда шынайы шығармалар бере алған қаламгерлер қатарында деуімізге негіз боларлық тамаша туындылардың авторлары екендігі белгілі. Өлкемізге белгілі Әзірбайжан Қонарбаев пен Қыдырбай Тұрмағанбетұлының сатиралық шығармалары қазақ сатирасында өзіндік орны бар сатирик Оспанхан Әубәкіровтің ізімен жазылған. Қоғамда болып жатқан әр түрлі оғаш жағдайларды астарлап, әжуамен жеткізуге тырысқан. Ә.Қонарбайұлы мен Қ.Тұрмағанбетұлы да өз заманындағы сын тақырыбы жайында сөз қылған. Сондай-ақ замана шындығы туралы жазған, фельетон түрлерін көп пайдаланған.

Жазушының кейіпкерлеріне ат қоюының да өз сыры бар. Ә.Қонарбаевтың, Қ.Тұрмағанбетұлы мен Е.Қорабаевтың әңгімелерінде кейіпкер аттары олардың адами табиғаты мен болмыс-бітімінен хабар беріп тұрады. Сатиралық кейіпкердің атының затына сай болуы да – тапқырлықтың бір қыры. Жазушылардың кейіпкерлері өздерінің іс-әрекетімен, ой-таным, түсініктерімен ерекшеленетін кейіпкерлер. Олар жаңаша ситуацияларда кезіктіріліп, өзіндік мінез-құлықтарымен көрінеді. «Әп» дегеннен олардың іс-әрекеттері де оғаштау көрініп, мәселені талдап түсіндіруі, құбылыстарды қабылдаулары мен баға берулері де тосындылығымен таңырқатады. Сатираның сан бояулы палитрасында комизмді қарапайымдылықтан күрделілікке, ойнақылықтан ойлылыққа жетелей бейнелейді. Ирониялық астар мен әлеуметтік-философиялық тұжырым тоқайласа келіп, күлкі арқылы күнкөрістегі күйкіліктің сырына үңілтеді.

Сатираның жаратылыс табиғатын парықтағанда езуге ұялаған күлкімен қоса көзге тұнған мұңның бірге жүретінін айтып кеткен білімпаздар аз емес. Бүгінгі өміріміздің трагедиясын күлкінің тілімен жеткізудегі жазушының шеберлігін шығармаларындағы болмыс — бейнесінен, баяндау әдісінен ап-айқын байқауға болады. Кейде комедиялық туындылардан тұрмыстың түрлі трагедиясын да көреміз.

Сатираның юмордан өзгешелігі мұнда қаламгердің өзі сықақпен сілейте сынап отырған адамына жаны ашымайды. Оның кейпін түзеу, өзін өнегелі өмірге қайта қосу мүддесі болмайды, керісінше автор мұндай жексұрындық өмірде болмауы керек деген қатал үкімін шығарады; юморда түзету мақсаты жатса, сатирада жою, жоқ ету мақсаты жатады. Әрине, сатирадағы күлкіде юмордағы күлкідей шындыққа негізделген шынайы күлкі, жасанды қылжақ емес, табиғи күлкі болуы шарт.

Д.ҚОЖАБЕРГЕНҚЫЗЫ