Әбіш Кекілбаев

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 24 қаңтардағы № 9 қаулысымен Атырау облысындағы кейбір білім беру және мәдениет ұйымдарының атауы өзгерді.

Атап айтқанда, Индер ауданындағы мектепке қазақтың заңғар жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Әбіш Кекілбайұлының аты берілді. Мектеп осы кезге дейін «Гребенщик орта мектебі» аталып келген екен.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың тамыз айында Алматы қаласында Әбіш Кекілбайұлына көше атауы, желтоқсанда ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Әбіш Кекілбайұлы атындағы жаңа оқу залы ашылған еді.

«Атырау аграрлы-техникалық колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына Оңайбай Көшековтың есімі берілді. Оңайбай Көшеков Кеңес үкіметі кезінде Қазақстан Компартиясы Гурьев облыстық комитетінің бірінші хатшысы болған.

Ал  Исатай ауданы білім бөліміне қарасты бастауыш мектеп «Жамбыл  атындағы жалпы білім беретін бастауыш мектеп» болып өзгерді. Білім ордасы бұған дейін «Жалпы білім беретін Чапаев бастауыш мектебі» аталған екен.

Сондай-ақ Махамбет ауданындағы Чкалов атындағы орта мектебі де жаңа атауға ие болды. Енді ол «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп» болды.

Атырау облысындағы Тұщықұдық селолық мәдениет үйінің де атауы өзгерді. Бұл мәдениет ордасы енді қоғам қайраткері, өнер майталманы Нариман Үлкенбайұлының атымен аталады. Нариман Үлкенбайұлы — Аққыстау мәдениет үйін, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейін басқарған, қазақ мәдениетіне, соның ішінде  театр өнеріне айтарлықтай үлес қосқан жан.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз