студент жастар

Маңғыстау өңірінде жастардың мәселесіне әлеуметтік зерттеулер жүргізілген. Бұл туралы «Саламатты ел» қоғамдық қорының директоры Гүлзира Есетова айтып берді. Қарақия, Маңғыстау, Түпқараған, Бейнеу, Мұнайлы аудандарының жастарымен өткен кездесулер облыс орталығындағы мектептер мен колледждерде жалғасын тапқан. Аталмыш жоба облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде қолға алынған.

Мемлекеттік жастар саясаты – жастар мәселесіндегі демократия­лық, жас азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, өркендеу мен жаңашылдық нақты әрі тиімді іс­қимыл, жалпыға ортақ – барлық жастардың жыны­сына, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және діни ұстанымына қарамастан жаппай қамту, жастардың әлеуметтік жағынан неғұрлым аз қорғалған бөлігін, соның ішінде мүгедек бала­ларды, денсаулығында ақауы бар балғындарды тікелей қорғауға баса назар аударылады.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру үстіміздегі жылдың 16 тамызынан бастау алған. Ақтаудағы жастар үйінде өткен баспасөз мәслихаты кезінде біраз мәселелер айтылды. Әсіресе өңір жастары арасындағы қазіргі ахуал мен үрдісті зерттеу, оның ая­сында рухани, отбасылық құндылықтарды насихаттау, патриоттық тәрбие және құқық бұзушылық пен діни экстремизмнің алдын алу, жайдарман ойындарын ұйымдастыру жо­лымен жастарды ұйымшылдыққа шақыру т.б. Бейнеу ауданы жастар ресурстық орта­лығының директоры Жеңіс Қайранов жас­тардың әл­ауқаты, әлеуметтік және эконо­микалық жағдайы, жасалып жатқан игі істер мен мәдени шараларға тоқталды. Айталық, аудандық бюджеттен 8 млн. теңге бөлініп, 185 жас уақытша жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта жастарға қажетті жобалар жүзеге асырылмақ.

Атап айтқанда, «Lectorium» жобасы. Оның аясында жастар өңірге және елге танымал тұлғалармен еркін форматта сұхбат жүргізе алады. Тағы бір жоба «Jastar books» деп ата­лады. Оның аясында кітапсүйер жастар орта­сын қалыптастыру көзделген. Елбасымыздың «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы кеңінен насихатталмақ. Сондай-­ақ «Еріктілер корпусы», «Bolashaqqa senimmen», «Kenes alany», «Ka’sibi bagdar» сияқты жобалардың жастарға берері мол.

Бейнеу ауданының 300-­ге жуық жастары 15 сұрақтан тұратын сауалнамаға қатысып, дені жастар саясатын қолдау мақсатында жүр­гізіліп жатқан іс­-шараларға көңілі толатында­рын жеткізген.

Жас отбасылардың материалдық жағдайла­ры орташа деңгейде екендігі байқалады. Ал қоғамдық-­саяси өмірге белсенді қатысып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылда тұрып, жұмыс жасағысы келетіндер әлі де болса көп екендігі көз қуантады.

Сауалнамаға қатысқандардың 87%-­ы өмір сүріп жатқан елді мекенге деген көзқарасы жақсы, саяси-­қоғамдық өмірге қатысуы бөлімінде 79% «Дипломмен ауылға» бағдар­ламасы бойынша жұмысқа орналасуға ниет білдірсе, жастар құндылығы және өнегелі бағыттар жүйесі бойынша 93% өмірдің маңыздылығы ретінде: бейбітшілік және қауіпсіздік, жеке құқық еркіндік, Отанымызға адал қызмет етіп, жоғары санатты маман болу­ды көздейтіндерін жеткізіпті.

Жастардың жай­күйіне әлеуметтік зерттеу­лер жүргізуді жалғастырған Гүлзира Есето­ва 25 қыркүйекте мұнайшылар шаһарында болғанын айтады. Жаңаөзен жастар ресурстық орталы­ғының басшысы Ғани Құрманғалиевпен сұхбаттасу кезінде, қала жастары көте­ріп жүрген бірнеше мәсе­лелер айтылған, әсіресе ойын­-сауық орталықтары аз көрінеді, оның ішінде мәде­ни орталықтар мен спорт алаңдары.

Ал мектептер мен кол­ледждерге қарасты спорт алаңдары болғанымен, бар­лығы жастарға қолжетімді емес, себебі білім ошақтарының басшылары түрлі мекемелерге кешкі уақыттарында спорт алаңдарын жалға беріп қоятын болған. Ал ашық спорт алаңдары, әсіресе футбол алаңдары Рахат, Теңге, Қызылсай ауылдарында жоқтың қасы. Тіпті мәдени, ойын-­сауық орталықтарын көрмейсіз. Жастардың түрлі діни ағымға ерудің бірден­ бір себебі – тәжірибелі теолог мамандардың аздығы. Теріс пиғылды ағымдардың жетегіне еріп кету деректерінің орын алуы қатты белең алмағанымен, кездесіп отырады.

Жас тапқыштар сайысы кезінде білім мен ғылымға құштар, интеллектуалды ізденімпаз жастардың көп екендігі қуантты. Оған мек­теп, колледж студенттерімен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар да белсенділік таныта білген. Мемлекет тарапынан жастар бағдарламалары түсіндірілгеніне қарамастан, кедергілер де жоқ емес көрінеді.

Қазан айының 10–20 күндері аралығында арнаулы орта оқу орындарында білім алатын студенттер, облыстың жалпы білім беретін мектептердің 9–11-сынып оқушылар арасында кездесулер, семинар­-тренингтер, сауалнамалар жүргізілген. Әсіресе Ақтау қаласының жалпы білім беретін 3 мектебі, Түпқараған ауданының 2, Бейнеуден 2 мектеп, Ақтаудағы 2 колледж студенттері, «Yessenov University» 2–4­-курс студенттері сауалнамаға белсенді қатысты.

«Саламатты ел» қоғамдық қорының бас­шысы Гүлзира Есетованың айтуынша, мем­лекеттік жастар саясатының басты мақ­саты мен міндеттері жастармен өтетін барлық кездесуде ұдайы айтылып отырады. Әсіресе әлеуметтік, құқықтық, экономикалық жағда­йын жақсартуға, әл­ауқатын көтеруге бағыт­талғаны туралы жастардың өздері хабардар. Жалпы өңір жастарының мәселелерін анық­тау бойынша социологиялық зерттеулер әлі де жүргізіле бермек.

Сонымен қатар «Жыл үздігі» сияқты байқау жастарды одан сайын жігерлендіре түспек.

Бүгінгі жастар семинар­-тренингтер өткі­зіліп, сауалнамалар жүргізіліп, ой­-өрісін, шығармашылығын, салауатты өмір салтын қалыптастыруға негіздейтін үйірмелердің көбейгендігін, спорт алаңдарын салу, мәде­ниет үйлері, кинотеатрлар, клубтар, ойын­сауық орталықтарының көбірек салынғанын қалайды.

Қорыта келгенде, жастар көтерген барлық мәселелер орынды. Бұл ретте, жастардың құ­қықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету, әсіресе білім, жұмыспен қамту, кәсіптік, рухани және дене тәрбиесінің дамуы­на қолдау көрсету қажет. Жас таланттардың барлық бастамаларын қолдауда билік те, биз­нес те шет қалмауы тиіс.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Жоғарыда айтылған мәселелер келер жылы өз шешімін табатынына маңғыстаулық жас өрендер кәміл сенеді. Өйткені бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі тәуелсіз елдің тұтқасын ұстар азаматтар.

Кәмшат ІЗБАСАРОВА,
ҚР Журналистер одағының мүшесі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз