Маңғыстауда мереке күндері 30 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығында 12 жол-көлік оқиғасы болған, апат салдарынан 26 адам жарақат алған. Сондай-ақ төтеншеліктер Ақтауда 2 қаңтарда 1 өрт оқиғасы тіркелгендігін мәлімдеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Маңғыстау облысында 30 желтоқсан – 2 қаңтар аралығында 12 жол-көлік оқиғасы тіркелген, соның ішінде жарақат алған адам саны – 26. Аталған жол-көлік оқиғасында қаза болғандар жоқ.

«Ақтау қаласы бойынша 2 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 3 адам жарақаттанды. Ал Жаңаөзенде 2 жол-көлік оқиғасы болып, оның 4 көліктің жолаушысы жарақат алған», — дейді МО IIД жол-патрульдік полиция бөлімінің бастығы Біржан Жұмабаев.

Сонымен қатар Мұнайлы ауданы бойынша 5 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, ондағы 14 адам зақымданған. Ал Қарақия ауданында 1 жол-көлік оқиғасынан 1 адам жарақат алған. Түпқарағанда 2 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, оның 4-еуі жарақаттаныпты. Қаза тапқандар жоқ.

Енді, Ақтау қаласында болған төтенше жағдайды айтсақ.  Маңғыстау облыстық ТЖД Өрт қауіпсіздігін бақылау басқармасының бастығы Нұржан Борашевтың айтуынша, 2 қаңтарда 11 шағынаудандағы 29 үйде 2 бөлмелі пәтерден өрт шықты. Нақтырақ айтсақ, сол тұрғын үйдің асүйі, дәретханасы мен дәлізінен от шыққан. Үй иесі 1945 жылы туған мүгедек азамат екен. Сол өртті сөндіру барысында 12 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Өрттің нақты себебі әлі анықталмаған.

«Бірақ алдын ала болжам бойынша,  темекі тұтатқаннан немесе тоқтың қысқаша тұйықталуынан да болу мүмкін»,- деп отыр мамандар.

Айта кететін жайт, облыста 2017 жылы 284, ал 2018 жылы 316 өрт оқиғасы болған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 10%-ға өскендігін айтты Нұржан Борашев.

Ал МО ауруханасының қабылдау бөліміне жол-көлік апатына түскен 40 адамның жүгінді, оның 10-ы ауруханаға жатқызылған. Сондай-ақ төбелестің салдарынан 28 адам аурухананың қабылдау бөліміне келіп, олардың тек 4-еуі травматология мен нейрохирургиялық бөлімге жатқызылды.

Сонымен қатар, мереке күндері петардадан зардап шеккендер де бар.

«Петардадан  3 адам жарақаттанды. Соның ішінде, 1-еуінің қолы және 2 адамның беті күйген. Олар амбулаториялық емханаға жіберілді», — дейді облыстық аурухананың қабылдау бөлімінің меңгерушісі Айтқали Шалабаев.

Айта кетелік, 2018 жылы петардадан жарақаттанғандар мен криминалдық жағдайға тап болғандар салыстырмалы түрде азайған, яғни 2017 жылдың 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түнде 10-нан астам адам жарақаттаныпты.

Ақкенже БЕРКЕНОВА

Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз