біз бандамыз полицей жұмыстан кетті

Жаңа жыл қарсаңында өз әріптестеріне «біз бандамыз» деп құттықтап, бейнеролик жолдаған полицей жұмысынан қуылды. Бұл туралы ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Садубаев фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Айта кетелік, жаңа жыл қарсаңында түрлі әлеуметтік желілерде полиция формасын киген азаматтың өз әріптестерін мерекемен құттықтаған видеосы тарап кеткен еді. Роликте құттықтаушы азаматтан бөлек бір топ полиция қызметкері болды. Ол видео арқылы «бала-шағамыз да біздің байланыстарымызды пайдалансын», «братва», «біз бандамыз» деген сөздермен құттықтаған.

Кейіннен ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Садубаев бұл видеоны ІІМ Қарағанды академиясының бірінші курсы бастығының орынбасарының 2018 жылдың 31 желтоқсанда түсіргенін, видео бойынша қызметтік тексеру жүріп жатқанын мәлімдеген болатын.

Бүгін осы видео бойынша тексеру жұмыстары аяқталып, тәртіптік комиссияның шешімімен ІІМ Қарағанды академиясының бірінші курсы бастығының орынбасары А.Р. Тастайбеков мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін теріс қылық жасады деген себеппен ішкі істер органындағы қызметтен босатылды.

«Сонымен қатар, тәртіптік комиссияның шешімімен оның тікелей бастығы мен оқу бөлімінің басшылығына қатаң сөгіс берілді», — деп мәлімдеді А.Садубаев.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ,

Сурет видеодан алынды

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз