Еліміздің ең ұлық мерекелерінің бірі — Қазақстан республикасының Конституциясы күніне арналған салтанатты шараның шымылдығы асқақ Әнұран шырқаумен ашылып, ел мен жердің қадір-қасиетін әспеттеген ән әуелеп, құрметке лайық тұлғалар марапаттың биігінен көрінді.

«Әрбір ел өзінің дамыған мемлекетін қалыптастырамын десе, ол елдің міндетті түрде бұлжымас Конституциясы болуы керек. Қазақстан Республикасы әлемдік кеңістікке Тәуелсіз ел ретінде қадам басқан жылдары өзінің дербес Конституциясын бекітті. Бұл сол кезде үлкен тарихи әрі саяси маңызы терең айтулы оқиға болып еді. Конституция мәтінінде жазылғандай, «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген, Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркін, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдадық». Міне, содан бері, біз өзіміздің таңдап алған жолымызбен, Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында барша әлемге бейбітшілік пен тұрақтылықты үндеген ел ретінде танылып келеміз», деп өз құттықтауын бастаған аудан әкімі Ж.Айтуаров Ата заң аясында орын алған аудандағы оңды істерге тоқталды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірнеше аудан тұрғындарына «Алғыс хат» табысталып,  Елбасы Жарлығымен «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері атанған алтын құрсақты аналарға құрмет көрсетілді.

Аудан орталығы құрылған жылы неке қидырып, отбасын құрған жас жігіт пен бойжеткен жарты ғасыр жұптасып бүгінде мәуелі баққа айналды. Шаруасы шалқып, толысқан Шетпенің елу жылдығы мерейтойы қарсаңында «Алтын той» иелері Әбенов Әшібай  мен Әбенова Ажар, Жүнбасов Темірхан мен Жүнбасова Медина, Жаңаев Доғдырбай мен Қойшығұлова Айғаным, Жұбаев  Сұлтан мен Қартбаева Моншақ,  Байпақов Әзи мен Байпақова Ақбибі сынды ата-әжелер құрметтің құшағына оранды.

Шетпе селосы аудан орталығы болған тұста кіндік қаны тамған сәбилер де бүгінде ердің жасын еңсеріп, бірі әлеуметтік салада, бірі өндірісте еселі еңбек етіп, ауданның дамуына өзіндік үлестерін қосуда. Бұл азаматтар да сахна төріне шақырылып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Ата заңымыздың айбынын асқақтатқан әдемі кеш аудан өнерпаздарының әсерлі мерекелік концертіне ұласты.

Лаура Тындырғанова

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз