Қазан айының соңында ресейлік «Север-Юг» үкіметтік емес ұйымы Каспий теңізі жағалауы елдерінің БАҚ өкілдеріне Ұлы Жеңістің 75 жылдығына қарсы медиатренинг ұйымдастырды. Қазақстан, Ресей, Әзербайжаннан келген 100-ден астам делегат заманауи журналистиканың жаңа қырлары жайында аз-кем ақпарат алып, Астраханның тарихи-мәдени орындарын араладық.

Тренингтің алғашқы күні «Север-Юг» ҮЕҰ-ның атқарушы директоры Анжелика Трапезникова қонақтарға қош келдіңіздер айтып, шара бағдарламасымен таныстырды. Одан кейін Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің доценті Сергей Кондратенко «Тарихи ғылым және журналистика: жанасу нүктесі» атты ғылыми баяндамасын оқыды.

Бағдарлама аясында журналистер Political.kz жобасының бірлескен құрылтайшысы, AIN Citadel қоғамдық қорының президенті қазақстандық Ассоль Мирманованың «Медианың қоғамдық санаға жаппай әсері: тарихи түсініктердің этикалық аспектілері» баяндамасын, Астрахань мемлекеттік университетінің доценті Юлия Кудряшованың, Баку славян университетінің профессоры PR саласының эксперті Шелале Гасанованың ғылыми зерттеулерін тыңдады. «Ұлы Жеңіс зерттеулерінің бұрмаланауына қарсы PR технологиялар» тақырыбында тренингке қатысып, «Заманауи медианың болашағы: контент пен технология» және «Блогер – мамандық па әлде өмір сүру дағдысы ма?» тақырыптарында мастер-класстар өтті.

Менің Астрахань сапарым

Сондай-ақ, БАҚ өкілдеріне «Победили вместе» телебағдаламасының және халықаралық документалды фильмдер фестивалінің директоры Валерий Рузин және «Просвещение» телеарнасының бас директоры Владимир Косенчук дәріс беріп, қонақтар «Говорит Москва» радиостанциясының бас директоры Владимир Мамонтовпен кездесу мүмкіндігіне ие болды.

Медиатренингтің танымдық бөлігінде қонақтарға ескі шаһардың тарихи жерлеріне экскурсиялар ұйымдастырылды.

Оқи отырыңыз: Аймақтағы үздік журналистер марапатталды
Шаһардың бет бейнесі — Астрахань Кремлі

Бір кездері қазақтың жері болған Астраханның тарихы алуан қырлы. Ұлттық құрамы да сан түрлі. Миллионнан астам халқы бар ескі қаланы 100-ден артық ұлт пен ұлыс өкілі мекендейді (әсіресе, ноғай, қалмық, қырғыздарды жиі кездестірдік). Оның 200 мыңға жуығы қазақтар. Халқы өте қарапайым және бауырмал. Сұраған нәрсеңді тоқтай қалып, тәптіштеп түсіндіреді екен. Қалада тарихи құрылыстар өте көп. Соның бірегейі – Астраханский Кремль ескі қаланың визит картасы іспеттес. Алғашқы экскурсия осы тарихи мекеннен басталды.

Еділ мен Құтым өзендері шаятын Қоянды төбесінде орналасып, шамамен 1580-1620 жылдары салынған кешен құрылысына Михаил Вильяминов пен Дей Губастый атты құрылысшылар жетекшілік еткен. Қамал іргесінің қалануына Астрахань өлкесін түгел бағындырған Иван Грозный патшаның да қосқан үлесі зор дейді тарихшылар. Бүгінде қаланың ең көрікті және тарихи жері саналатын Астрахань Кремлінің аумағында 24 тарихи нысан бар. Кешен 1960 жылдан бастап Ресей Федерациясының мемлекеттік қорғауына алынған. Кремль кешенінде ұзындығы 1487 м биіктігі 8 м қалыңдығы 12 метрге дейін жететін қабырғалар мен ескі қамалдар, часовня мен шіркеулер, музейлер мен соборлар орналасқан. Қырым xандығынан қорғану мақсатында салынған бекіністі бастапқыда ағаштан тұрғызған екен.

Астраханский Кремль кешеніндегі тарихи құрылыстарға әр жылдары реставрациялық жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырған. Солардың бірі әйгілі Успен соборы немесе собор Успения Пресвятой Богородицы — Астраханның ең ірі православ шіркеуі.

1699-1710 жылдары құрылысын крепостной Дорофей Мякишев атты шебер жүргізген Успенский собор әуелде ағаштан кейін тастан салынған. 1710 жылы негізгі шіркеудің жанына үлкен мұнара тұрғызылып, оған қоңыраумен қоса сағат орнатылады. Бірақ 1765 жылы мұнараның іргетасы сыр беріп, бұзылып тасталады да, жаңасы тек 1813 жылы ғана бой көтереді. Оны Иван Варвацкий деген астрахандық бай салғызады. 100 жылға жуық Астрахань жеріне көрік берген мұнара да уақыт өте шөгіп, қисая бастайды. Халық арасында Успен мұнарасын әйгілі европалық Пизан башнясына теңеп, тіпті қисайған мұнара бейнеленген ашықхаттар Астраханның бет бейнесі ретінде кеңінен тарай бастайды.

Осыдан кейін 1910 жылы архитектор С.Карягиннің жетекшілігімен жаңа төрт қабатты заманауи үлгідегі мұнара салынады. Көне ресейлік сәулет дәстүрінде жасалған жаңа мұнара көптің көңілінен шығып, бүгінде қаланың көркіне ажар беріп тұрған архитектуралық нысандардың бірі. 1930 жылдары мұнарадағы қоңырау мен крест түсті металл ретінде мемлекет меншігіне тәркіленіп, 1990 жылдан кейін ғана орнына қайтарылады.

«Погружение» немесе «Мың рет естігеннен бір рет көрген артық»

Мәдени бағдарлама шеңберінде Астраханның Әскери Даңқ музейінде болдық. 9 экспозициялық залдан тұратын музейде 1941-45 соғыс жылдарындағы Астрахань бейнеленген. Мұражай жаңалығы — 2012 жылы ашылған «Погружение» залы. Залдың ерекшелігі — келушіге соғыстың зардабын сөзбен айтып, суретпен көрсету емес, арнайы декорация мен аудио арқылы сол ауыр сәттерді сезіндіру. 4 бөлмеден тұратын «Погружение» залы қарапайым астарахандық отбасының аядай пәтеріндегі мамыражай тіршілігінен басталып, олардың көрген ауыртпалықтары мен бүкіл елді шарпыған соғыс өртінің азабын бейнелейді. «Погружение» авторларының әңгімесінен түйгеніміз — идея «Мың рет естігеннен бір рет көрген артық» дегенге саяды. Музей қызметкерлері соғыс тақырыбындағы дәл мұндай зал бүкіл ТМД елдерінде жоқ екендігін айтып отыр.

Сапардың соңғы күні Астраханның ең ескі және әдемі көшелерінің бірі Никольскиймен жүріп келе жатып, жат елдегі қандастарымыздың тілді мүлде ұмыта бастағанына бір қынжылсақ, Бакуден келген әзірбайжандықтардың біздің Димаш туралы таңқала да сүйсіне айтқан әңгімелеріне бір марқайып екіұдай сезімде туған елге бет алдық…

Айжан НАСЫРОВА