Суретті Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығы ұсынды

Маңғыстаулық жастар ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаровпен кездесті, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Loctorium» жобасы аясында өткен шараға ережесіз жекпе-жектен күміс жүлдегер Аңсар Дәулетбаев және өңірге белгілі кәсіпкер Гүлжанат Мұратбай да келді. Шараның басты мақсаты – елге танымал тұлғалардың өнегелі өмірі мен ерен еңбектерін жастарды хабардар ету, отансүйгіштік, еңбекқорлық қасиеттерді қалыптастыру.

Он төрт жасынан бастап еңбек етіп, өз киімі мен ішер асты адал жолмен тапқан Ардақ Назаров бүгінде ел таныған, әлем мойындаған спортшы. Ол жетістікке жеңіл жолды жүріп өтіп келмеді, керісінше қиындыққа қарсы тұрып, отбасының тірегі боламын деген асқақ арманмен адаспай келді.

Маңғыстаулық жастар Ардақ Назаровпен кездесті

Ол «Өмірімнің өзгеруіне үш әңгіме, үш оқиға себеп болды. 5 әлде 6-сынып оқып жүргенімде ауылдағы Ерлік аға келді. Күрес мектебінде бізге жаттығу үйретіп, бізбен күресіп, шеберлік сабақтарын өткізді. Шымыр денесін көргенде, шыны керек таңғалдық. Санаға «Менде Ерлік аға сияқты спортшы болсам ғой» деген ой келді. Сол кезде Ерлік ағамыз алдымызда тұрып қолындағы күшін көрсетіп, «Жігіттер, тура мен сияқты бола аласыңдар ма?», «Мен сияқты бола алатындарыңа көздерің жете ме?», — деді. Міне, содан бері Ерлік ағаны өзіме үлгі еттім. Ол – жігіттердің төресі еді, айналасына ізгілік нұрын сыйлап, қақтығысқан екі жанды татуластырып жүретін мейірімді жан болатын. Ол — спортты тастамауыма, ішімдік, темекі тарпауыма себепші болды», — деп балалық шағындағы ойлы оқиғасын баяндады.

«Адам жол таппай адаспайды, ой таппай адасады». Жолдан адассаң, жан-жағыңдағы адамнан сұрап-ақ межелеген жерге жетесін. Ал ой таппай адассаң, өміріңді құрбан етесің. Сондықтан ойлы болу қай заманда да маңызды. Қоғамдағы келеңсіз жайттардың көп болуы, жастардың зиянды әдеттерге құмартып, өз-өзіне қол жұмсағандардың көбі ойдан адасып, өмірден өз орнын әлі таппағандар. Осы ретте шара қонағы Ардақ Назаров жастарды игі амал жасар жақсылыққа, ізгілік пен имандылыққа шақырды. Сонымен қатар еңбек етуге баулыды.

Маңғыстаулық жастар Ардақ Назаровпен кездесті

«Алматы қаласына келгенде оқумен қатар жұмыс істедім. Қасымдағы жігіттер жақсы киінетін, аяқ киімі бүтін, жалтырап тұратын. Ал менде жеңіл аяқ киім. Күздің қоңыр салқынына дейін сол басы ашық, жеңіл аяқ киіммен жүрдім. Автобусқа мінгенімде адамдар маған қарап, күлетін еді. Ауылдағы ата-анадан ақша сұрайын десең, тағы ұяласың. Себебі, менен кейін 5 баланы асырап отыр. Сол уақытта ауылдың жағдайы да мәз емес еді ғой. Содан не керек, жұмыстың түріне қарамай еңбек еттім. Күнделікті берген ақшаны жинап, өзіме аяқ киім мен жылы киім алдым. Қала – ерте еңбекке үйретті. Ата-анама қолғабыс болуға баулыды. Қазір адал еңбек етіп, өзі табыс тауып жүрген жастарды көргенде қатты қуанамын. Себебі олар отбасына салмақ салмай, күннің суығы мен ыстығына қарамастан тер тегуде. Оларды көргенде өзімнің ризашылығымды айтып, кеңесіммен бөлісемін», — деді ол.

Ер-жігіт – елдің тұтқасы, оның ар-намысы – тұтас бір ұлттың қорғаны, қамқоршысы. Ер қашанда қарсы шығар қиындықтан жол таба білуі тиіс. Сол себепті ер-жігітте рухы биік болуы шарт. Осы ретте Ардақ өзінің салмақты ойымен бөлісті.

«17 жасымда диплом алдым. Отбасымдағы алғаш диплом емес пе, көкейді мақтаныш сезім биледі. Енді мен ата-анама тірек боламын, көмек беремін, жұмысқа орналасамын деген арман болды, қатты қуанышты едім. Дипломыммен қаншама компанияларға жұмыс іздеп бардым. Жұмыс жоқ, қолымдағы дипломның қажеті болмады. Бір жыл бойы ауылда бос жаттым. Кейін әпкем «ата-анаңа масыл болдың ғой» деген сөзінен кейін ойлана бастадым. Күнде ойланамын «не істеймін» деп, содан соң өз қабілетімді шыңдап, спортқа қайта қауыштым. Осылайша күні-түні спортпен айналысып, жаттығулар жасап, жетістікке жете бастадым. Мұның барлығы жігіттік қасиетті бар, намысты, отбасын, қарындастарын ойлаған ұлдың дұрыс қадамының нәтижесі еді», — деп жігіттер қауымына жауапкершілік жүгінің ауыр болатынын түсіндірді. Сондай-ақ ерге тән күш-қуаты мен намысының арқасында ел қорғаған батырлардың өмір жолынан үлгі айтты.

Маңғыстаулық жастар Ардақ Назаровпен кездесті

Ата-ананы сыйлау, құрметтеп және қуанту – әрбір баланың басты міндеті. Батырлық біреуді жығып, марапатқа ие болу емес. Батырлық – ата-анаңа, отбасыңа, еліңе деген құрметің, қамқорлығың. «Барлық адам батыр бола алады. Ол үшін алып тасты көтерудің қажеті жоқ, бар болғаны жүрек түкпіріндегі мейірімділік пен имандылықты ояту жеткілікті», — деп сөзін түйіндеді Асқар Назаров.

Кездесу соңында жастар қонақтарға сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды. Естелік суретке түсті. Өмір – сан қилы белестен тұрады. Ал жетістік – еңбек пеп үздіксіз ізденістің нәтижесі. Демек, өмірде жетістікке жету бәрінен қолынан келеді. Тек саналы түрде шарасыздық танытпаса болғаны.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттерді МО жастар ресурстық орталығы ұсынды