Еліміздің бірқатар аймақтарында, атап айтқанда Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында ветеринарлық куәландырылмаған малды сойып, оның етін жегендіктен түйнеме дертіне шалдыққан 16 адам тіркелді. Бұл жағдай аудан тұрғындарын да алаңдатып отыр. Осыған орай, Маңғыстау облысы тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің ұйымдастыруымен «Күйдіргі ауруының таралуының алдын алу шараларын ұйымдастыру мен жүргізу» тақырыбында аудан көлемінде семинар өтті. Ауылшаруашылығындағы ветеринариялық-санитарлық қауіпсіздікті сақтау, жануарлардың күйдіргіге қарсы вакцинациямен қамтылуы және оны сақтау мен тасымалдау үшін жағдайдың жоқтығы, мал қорымдары жайлы мәселелер кеңінен талқылауға облыстан ветеринария басқармасының бастығы Ш.Қамиев, аумақтық инспекциясының биологиялық қауіпсіздік басшысы Н.Дүйсенбек және ветеринариялық зертхана филиалының директоры Ө.Мейірбеков село әкімдері мен аудандық ветеринария саласының қызметкерлерімен кездесті.

Күйдіргі немесе сібір жарасы ауруы адам мен жануарлар үшін аса қауіпті инфекция. Ол ауру малды күтіп баптағанда, оны сойғанда, етін өңдегенде, жануарлардың өлексесі көмілген жерлерден, ластанған ауадан адамға жұғады. Егер, адам ауырып, тері зақымдалған жағдайда инкубациялық кезеңі 2 күннен 14 күнге дейін созылады. Алдымен зақымдалған орында тері деңгейінен ісетін қызыл дақ пайда болып,  біршама уақыттан кейін жара туындайды. Ол қатты қышып, күйдіреді. Жараның айналасында терінің ісінуі мен қызаруы байқалады. Оған жараның орнында сезгіштіктің төмендеуі немесе мүлдем болмауы тән. Жалпы уыттану белгілері 39-40°С дейін дене қызуының артуы, жалпы әлсіздік, дененің сынуы, бастың қатты ауруы, айналуы, жүректің соғуы бірінші тәуліктің соңына қарай немесе екінші күні пайда болады. Дәрігерге уақытылы жүгінгенде адам тез сауығады. Күйдіргінің өкпе түрімен ауырғанда алғашқы белгілер тұмауға ұқсас – дене қызуы артады, дене қалтырайды. 3-5 күннен кейін жіті өкпе жетіспеушілігі қалыптасады, бұл өлімге әкеп соқтырады. Ішек түрімен ауырғанда іш қатты ауырады, құсу, қан аралас іштің өтуі сияқты белгілер пайда болады. Күйдіргінің инкубациялық кезеңі 2 күннен 7 күнге дейін болады.

«Сақтансаң, сақтармын» деген қағиданы басшылыққа алып, сауда орындарынан, базардан ауылшаруашылық өнімдерін алғанда сақ болайық.

Г.ШЫҢДЫБАЕВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз