Еңбек ресурсының теңсіздігін реттеу қазақыландыру саясатымен қатар жүреді. Осы мақсатта, Жаңаөзен қаласының кәсіпкерлерді қолдау орталығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Шараға Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының, халықты жұмыспен қамту орталықтарының басшылары және жұмыс берушілер қатысты. Шара халқы тығыз орналасқан мұнайлы қаланың жұртын жұмыс күші тапшы солтүстік облыстарға орналастыруды мақсат тұтты. Әр облыстан келген өкілдер Жаңаөзен қаласының тұрғындарымен кездесіп, бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды. Жиынды қала әкімі Елубай Әбілов жүргізіп отырды.

Ерікті қоныс аудару форумыМаңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Гүлмира Қалмұратованың айтуынша, аймақтағы бұл жолғы еңбек жәрмеңкесіне 200-ге тарта адам қатысқан.
— Мейлі, он отбасы көшсе де, мүмкіндік жасап беру, үйсіз жүрген адамға үйлі болуға, жұмыс табуға көмектесу — мақсатымыз. Бұл — ерікті қоныс аудару, — дейді ол.
Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан, Алматы облысы, Жамбыл облысы және Маңғыстау облысы мен Солтүстік аймақтарда теңсіздіктің орын алып отырғаны жасырын емес. Жаңаөзен қаласында халық саны жыл санап көбейсе, Солтүстікте керісінше тұрғындар саны жыл санап кеміп, бірқатар ауылдар қаңырап бос қалып жатыр. Бұған өңірдің ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін жұмысқа жарамды маман тапшылығын қосыңыз. Солтүстікке барып, тіршілік ететін болса жерлестеріміз мектеп жасына дейінгі баласы балабақшаға, мектеп жасындағылар сол өңірлердегі мектептерге орналастырылып, жергілікті денсаулық сақтау және білім мекемелерінің есебіне алынады. Бір сөзбен айтқанда мемлекет қолдауының арқасында елге ел қосылады.

Балтабай ҚАППАСОВ, Павлодар облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:

— Халқы тығыз қоныстанған Жаңаөзен өңірінде алғаш рет еліміздің 3 өңірімен бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыру кездейсоқ емес. Аталмыш шара халықтың жұмыспен қамтылуына септігін тигізетініне сенімдімін. Мұнда еңбек күші айтарлықтай артық болса, солтүстік өңірлерде жұмыс қолының тапшылығы сезіледі. Сондықтан аталған жәрмеңке, Жаңаөзен қаласының тұрғындарына өз мамандығы бойынша жұмыс табуға көмектеседі деген үміт бар. Осы орайда мемлекет жол шығындары мен бір жыл бойы баспана жалдауға кететін шығынды өтеуге субсидия бөлетінін атап өткен жөн. Еңбек күші артық өңірлерден жұмыс қоры тапшы аймақтарға қоныс аудару жұмыскер мен жұмыс берушінің өзара қызығушылығы бойынша ерікті түрде жүзеге асырылады.
Шығыс Қазақстан облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Асхат Садыровтың айтуынша, бүгінде Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласы мен Шемонойха ауданында 219 бос жұмыс орындары бар. Көшіп келушілерге 60 пәтерлі үй салынып жатыр. Және өзге де әлеуметтік көмектер беріледі екен.

Ерікті қоныс аудару форумыЖаңаөзендіктерге солтүстік өңірлердегі жұмыс берушілер білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару, агроөнәркәсіп, ауылшаруашылық және құрылыс салалары бойынша бос жұмыс орнын ұсынып отыр. Айта кетейік, мұндай форум Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында ұйымдастырылады.
Кез-келген маңғыстаулық Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облысына қоныс аудара алады. Онда мамандығына сай жұмыс орны, көңілге қонымды жалақы, тегін үй дайын. Тек ниет пен ынта болса болғаны.
Мемлекет басшысының өзі өркениетті қоғамда халықтың қолайлы өңірге қоныс аударуын қалыпты үрдіс деп бағалап, құптаған болатын. Қазірдің өзінде Жаңаөзен қаласынан Павлодар облысына 103, Солтүстік Қазақстан облысына 74, Шығыс Қазақстан облысына 131 адам қоныс аударуға өтінім білдірген. Көш әлі де жалғасады. Ниеттілер қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарласуына болады.

Гүлсім Оспан

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз