Ақтауда облыс әкімдігінің және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Маңғыстау облысының инвестициялық әлеуетін дамыту» тақырыбында инвестициялық форум өтті. Жиынға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, оның орынбасарлары, облыстық басқарма мен компаниялардың басшылары, инвесторлар, бизнес өкілдері қатысты.

– Киелі Маңғыстау өңіріне қош келдіңіздер! Мықты рухы бар елдің ғана экономикасы мен әлеуметтік жағдайы жақсарады. Тұрақтылығы бар мемлекетке, салған қаржысының қайтарымы бар жерге ғана инвестиция салынады. Бүгін облыстың арнайы экономикалық және индустриалдық аймағын аралап, мүмкіндіктерімізді көрген боларсыздар. Қиян шеттегі Маңғыстаудың теңіз, әуе жолы, тас жолы арқылы өзге өңірлерге, шет мемлекеттерге жол ашылып, алыс- беріс, барыс- келіс артты. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы мен индустриалды аймақ қажетті инфрақұрылыммен қамтылған. Жаңа жобаларды жүзеге асыруға әлеуетеміз зор. Туризм, агроөндірістік салаларды дамытуға да ден қойып отырмыз. Алдағы уақытта транзиттік тасымалдар мен теңіздегі мұнай- газ жобалары Баутин, Құрық және Ақтау теңіз порты арқылы жүзеге асады. Сондықтан да сіздерді осы және басқа да жобаларға қатысуға, қолдауға және инвесторларды тартуға көмектесуге шақырамын. Облысқа сенім білдіріп, инвестиция тартамыз десеңіздер, өңірімізге сай келетін жобалар болса қолдаймыз,- деді жиынды ашқан облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Жиынға қатысушылар назарына облыстың инвестициялық тартымдылығы туралы бейнекөрініс көрсетілді. Форумда өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерінен хабардар еткен облыс әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржанов аймағымыз мұнай- газ және мұнай сервисі, транспорт пен логистика, құрылыс, агроөнеркәсіп, туризм, инфрақұрылым және баламалы энергия бағыты бойынша дамып келе жатқанын жеткізді.

– Өңіріміз географиялық орналасу жағынан тиімді болғандықтан логистикалық хабқа айналып отыр. Әуе қатынасының да әлеуеті зор. Қазіргі таңда аймағымызда елімізде өндірілетін мұнайдың 30 пайызын өндіріледі. Облысымыз демографиялық өсім көрсеткіші бойынша республикада көш бастап тұр. Осыған сай тұрғын үй құрылысына да қажеттілік туындап отыр. Соңғы жылдары өңірімізде бірнеше өндіріс орындары іске қосылды. Құрылыс қарқынды жүргізіліп жатқандықтан осы саланың да инвестициялық әлеуеті зор. Агроөнеркәсіп саласында жылыжайда тамшылата суару әдісін пайдалануға, балық шаруашылығын дамытуға, жүн, сүт өңдеуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ теңіз туризмін, оның ішінде Кендірлі жобасын жүзеге асыруға жұмыстанып жатырмыз. Тарихи ескерткіштер сақталған, аспан астындағы мұражай болып саналатын өлкеміз көптеген туристердің қызығушылығын туғызды. Энергетика секторы, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық, баламалы энергетика, жаңа технологияларды дамытуға инвестиция тартуға болады. ЭКСПО көрмесінде осы салаға қатысты 5 жобаны таныстыруды жоспарлап отырмыз. Арнайы экономикалық аймақта жұмыс жасағасы келетін инвесторларға әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған. Мемлекеттік- жекеменшік әріптестік аясында өңірімізде жобаларды жүзеге асыруға құны шамамен 5 млрд. теңге болатын 6 келісімге отырдық. Бүгінгі форумның нәтижесінде жаңа жобаларды жүзеге асырамыз деген сенімдемін, – деді облыс әкімінің орынбасары Рақымбек Маршалұлы.

Жиында «Astana Innovations» ЖШС басқарушы директоры Тілектес Адамбеков Астана қаласындағы жобалардың үлгісінде инвестициялық және инновациялық даму туралы баяндады. Осыған дейін еліміздің бас қаласына жаңаша леп берген смарт-жобаларды жүзеге асырған аталған компания өкілі озық тәжірибелерді Ақтау қаласында іске қосуды ұсыныс етті. Ұтымды да ұтқыр әдіспен іске асырылған жобалар тұрғындардың уақытын тиімді пайдалануға, әлеуметтік жағдайды жақсартуға, сыбайлас жемқорлықты болдырмауға бағытталған. Маңғыстау өңірінің инвестициялық әлеуеті зор және оны пайдалану керек екенін айтқан Тілектес Адамбеков мұндай жобаларды Маңғыстау өңірінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асыруға дайын екендігін жеткізді. Таныстырылған жобаларға қызығушылық танытқан облыс әкімі Ералы Тоғжанов бірге жұмыс жасауға дайын екендігін айтып өтті. «Жаңғыру 3.0» бағдарламасы аясында «Smart city-ақылды қала» жобасын таныстырған «Финдік бизнес хаб» директоры Мұхтар Манкеев Финляндиядағы озық технологиялардың қолданысқа енгізілуі, қалдықтарды кәдеге асыру, «жасыл» экономика тәжірибесі туралы баяндады. Ауызсу мәселесі өзекті Маңғыстау облысында бұл салада тәжірибесі мол финляндялық ғалымдарды әкеліп, семинар өткізуге мүдделі екенін айтты. «Ақтау – ақылды қала» жобасын ұсынған маман сымсыз интернет желісі арқылы коммуникация саласын дамытуға болатынын хабарлады. Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы қаланы жарықтандырудың бас жоспары 2 жұмадан кейін дайын болатынын айтып, осы жұмысқа көмектесуге шақырды.

– Біз мұнай секторында қызмет көрсетумен айналысамыз. Маңғыстаудан бірге жұмыс істейтін компания тауып, серіктес болуды мақсат тұтып отырмыз. Бүгін осындағы бірқатар кәсіпорындарды аралап, жұмысымен таныстық. Мұнай компанияларына сервистік қызмет көрсететін кәсіпорындармен бірге инновациялық бағытта жұмыс жасағымыз келеді. Маңғыстауда өндірістік база, мобильді зертхана ашып, жергілікті мамандарды жұмысқа тартуды жоспарлап отырмыз, – деді «Орда- Астана» ЖШС бас директоры Евгений Больгерт.

Жиында облыс әкімі Ералы Тоғжанов технологиялық дамыту орталығын құруды ұсыныс етіп, «Үздік инновациялық жоба», «Үздік отбасылық бизнес», «Үздік жасыл аймақ» сынды аталымдар бойынша байқау ұйымдастырылатынын хабарлады.

«Болашақ» қауымдастастығының Атырау облысындағы филиалының директоры Жұматай Салимов мамандар даярлау мәселесін сөз етті. Аймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы жастармен жұмысты жандандыруды, оларды болашағы бар салаларға бағыттауды тапсырды.

– Еліміздегі жетекші оқу орындарының бірі саналатын университетте құқық реформасын жүзеге асыру, елімізде заң кадрларын дайындау бағытында ашылды. Бізде оқитын студенттердің басым көпшілігі– Маңғыстау облысынан. Университетімізде оқуға бірқатар жеңілдіктер жасалған. Мәселен, оқуға талпынысы бар, бірақ әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балаларының құжаттарын жинап, демеушілердің көмегімен оқытуға жағдай жасап отырмыз. Сіздермен осы бағытта және кадр дайындау бойынша бірігіп жұмыс жасағымыз келеді, – деді «Қазақ гуманитарлық- заң университеті» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Надежда Коробко.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан» несие алған «SchoolBus» компаниясының директоры Альберт Ни арнайы автобустармен балалар тасымалын іске қосты. Қауіпсіз әрі тиімді кәсіп түрін қолға алған кәсіпкер ЭКСПО көрмесіне қатысады. Форумға қатысушылар инженерлік жүйелерді автоматтандыру және диспетчерлендіру жолымен энергия тиімділігін арттыру, ағын суларды биологиялық тазартудың инновациялық шешімі мен технологиясы, электронды коммерцяның дамуы, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі және өзге де тақырыптар төңірегінде пікір алмасты.

– Осы форумға Маңғыстау облысының инвестициялық әлеуетін зерттеп, зеределеу мақсатында келдік. Бүгін өте қызықты жобалар таныстырылып, жергілікті билік тарапынан қолдауға ие болып жатыр. Осы жобалар жүзеге асып бастаса, біз де бірге жұмыс жасаймыз. Мен басқаратын компания тауар, биржа айналымы, сату, сатып алу орталықтарында консалтингтік қызмет атқарады. Қазіргі таңда елімізде 30 мыңға жуық қызметімізді пайдаланушы кәсіпорын бар. Оның 700- ден астамы – тұрақты шағын және орта бизнес иелері, – деді «Қазконтракт» ЖШС бас директоры Әділбек Тұрғынбаев.

Форумда жобаларын таныстырған компаниялардың өкілдері мен облыстық басқарма басшылары серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржанов ұсынған жобалардың өзекті екенін айтып, жергілікті билік алдағы уақытта бірге жұмыс жасауға мүдделі екенін жеткізді.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

Ақтау "ақылды қалаға" айнала ма? Ақтау "ақылды қалаға" айнала ма? Ақтау "ақылды қалаға" айнала ма? Ақтау "ақылды қалаға" айнала ма? Ақтау "ақылды қалаға" айнала ма?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз