әуелек

Мамыр айының алғашқы күні облыс орталығында әуелек (колесо обозрения) іске қосылды. Мерекелік шара барысында қала тұрғындары жаңа аттракционға бас сұғып,  қаланы биіктіктен көрудің сәті туды. 

Ақтауда әуелек (колесо обозрения) іске қосылды

Аттракцион теңіз жағалауындағы «Ақбота» саябағында орналасқан, бір адам әуелекте бір айналым жасау үшін 500 теңге төлейді.

Әуелек  үздіксіз айналып отырады. Әрбір айналым аяқталған сайын жолаушылар ауысады. Себебі, әуелектің жылдамдығы тез емес. Естеріңізге сала кетейік, әуелек өткен жылдың шілде айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған болатын.

Жаңа құрылғының көпшілік игілігіне жарауына мұрындық болған кәсіпкер Болат Есеналиевтің айтуынша, әуелек Украинада жасалған. Биіктігі – 28 метр, әдемілігін арттыру үшін оны түрлі-түсті шамдармен жабдықтаған. Сондай-ақ, 2018-2020 жылдары әуелек жанынан көрме залын ашу жоспарланып отыр.

Жалпы мұндай әуелек өткен ғасырдың 70 жылдары Шевченко қаласында да болған. Дегенмен, 80 жылдары  ол ескіріп, істен шығып қалған.  Балабақшаның жанында орналасқан ескі әуелек қандай болғанын  «За счастье» фильмінен де көруге болады.

Әуелекке айналу үшін ұзын-сонар кезекке тұрған тұрғындардың кейбірі  бағасын қымбатсынса, енді бірі балалар үшін қауіпті дейді. Әуелек толықтай қолдануға берілмеген, әзірге 15 сәуірден бастап сынақ ретінде пайдаланылып келеді.

Әуелек сөзі БАҚ-та «жан-жақты көруге арналған айналмалы дөңгелек» деп те қолданылып жүр. Бүгін біз көпшілік пікіріне сәйкес «әуелек» деп ұсынуды жөн көрдік.

Теңге Бекмұрзаева

Ақтауда әуелек (колесо обозрения) іске қосылды

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз