Бозашы түбегіндегі Қаламқас әулиенің есімімен аталатын кен орнына  іздеу  барлау жұмыстары 1976 жылы басталып, сол жылы қара алтын өндірілді. Қазіргі таңда «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ – ның жалпы мұнайының 70 пайызын қамтып отырған «ҚаламқасМұнайГаз» кен орны 1980 жылдың 2 қарашасында алғашқы миллион тонна өнімін шығарса,  2005 жылы  100 миллион тоннаға дейін қара алтын өндіруге қол жеткізді. Тәуелсіз қазақ елінің ырысын еселеп, атағын әлемге паш етуге өлшеусіз үлес қосып жатқан бұл өндіріс орнының бүгінгі тыныс – тіршілігі тым тәуір. Тәуелсіздіктің өткен 25 жылы ішінде қаламқастық мұнайшылар қыруар жұмыстар атқарды, алда тұрған міндеттер де көп. Салаға тың технологиялар әкелініп, өндіріс ауқымын кеңейтіп одан әрі дамытуда.

Бүгінде  «ҚаламқасМұнайГаз» кен орнының дамуы үшін өндіріс басшылары қай салаға  да әлеуметтік қолдау танытып отыр. Мысалы, аталған кәсіпорынның қаржыландыруымен жуырда бой көтерген дене шынықтыру және сауықтыру кешені секілді ғимарат  кейбір аудан орталықтарының өзінде  сирек кездеседі. Сонымен қатар өнерді қоса арқалап жүрген қызметкерлер үшін де жағдай жасалған.

Жуырда «Мұнайшылар күні» мерекесін атап өту үшін қызу дайындық жүргізіп жатқан мұнайшылардан құралған «Қаламқас» вокалды аспапты ансамбльдің құрамымен кездесіп қайтқан болатынбыз. Әдетте арнайы жұмыс киімін киіп алып, үлкен арнайы техникаларды жүргізіп, ауа – райының ыстық суығына қарамай  мұздай темір арқалап скважина маңында жүретін слесарь — оператор  азаматтардың арасында да ән мен жырдың айтқыштары аз емес екен. Атап айтар болсақ, бұл ансамбльдің жетекшісі Алтынбек Сарғожаев бастаған домбырашы Кәдірбек Құдияров, әншілер Асылбек Аққұлов пен Сахи Нұртілеуов, барабаншы Марат Көпеков және Еркін Еңсегенов сияқты дала дарындары өнер көрсетеді.

— «ҚаламқасМұнайГаз» өндірістік басқармасы басшыларының спорт және өнер салаларын дамытудағы мақсаты – дарынды мұнайшыларға қолдау көрсету, азаматтардың бойындағы өнері мен қайсарлығын жандандыруға барынша мүмкіндік беру болып табылады. Ең алғаш 2011 жылы осы қызметтің жауапкершілігін алып, жұмысшылар арасынан талантты азаматтарды іздеу барысында өнерді қиын жұмыстың тасасында қалдырмай, еңбекпен бірге алып жүрген талантты жігіттердің бар екендігіне қатты қуандым. Сол жылғы мұнайшылар күні мен үшін естен кетпес күн болды, себебі сол күні жұмысшы азаматтардан құралған біздің ансамбліміз бірінші рет халық алдында жанды дауыста өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.  Мұнайшылар арасында жергілікті сазгерлердің әндерін де, күйлерін де өз нақышында орындап, аспаптарда шебер ойнай білетін, сондай-ақ халқымыздың асыл қазынасы – қара домбыраны құйқылжыта ойнап, жыр-термені арқаңды қоздырта төгетін жыршы-термешілеріміз бар. Ансамбль құрамына кіруге қызығушылық танытып жүрген жастарымыз да баршылық. Біз соны ескере отырып, бұйырса алдағы уақытта тағы да бір топ құру ойымыз да бар. Әрине ол оңай шаруа болмаса да тырысып көрмекпіз.

Мен бала кезімнен ән шырқап, домбырада ойнағанды ұнататынмын. Мектеп бітірген соң Ақтаудағы «Өнер» колледжінен күй бөлімін бітіріп шықтым. Талай сын – сайыстарға қатысып, жеңімпаз да болып жүрсем де маған өнерпаз емес, мұнайшы болу бұйырыпты.   Алайда біз сияқты бойында азғантай да болса таланты бар азаматтардың жағдайын жасап, өнерімізді бағалап жүрген «ҚМГ» ӨБ – ның басшысы Нұрпейіс Сәрсенбайға алғысымыз шексіз». – дейді ансамбль жетекшісі А. Сарғожаев.

Үнемі үнсіз даланың шексіз құдіретімен тілдесе білген адамның дарын болып шығатыны белгілі. Бүгінде мұнайлы өлкенің халқын­ өнерімен тәнті етіп, алғыс арқалаған ансамбль «Мұнайшылар күні» мерекесіне қызу дайындық жүргізіп  жатыр.

Мұратбек КӘДІРБАЕВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз