Санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталмақ. «Әр iстiң өз iргетасы бар» дегендей, әр жаңа оқу жылының өз жоспар-жобасы болуы заңдылық. Осыған орай жыл сайын дәстүрге айналған тамыз кеңесі бейсенбі күні ауданымыздың мәдениет үйінде «Білімді ел-мәңгі ел» тақырыбында өтті. Өткен оқу жылына есеп беріп, жаңа оқу жылындағы міндеттерді айқындайтын басқосуға аудан әкімі Ж.Айтуаров, Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы З.Тастемірова, АҚ «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы филиалының Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы, тренер А.Далабайқызы, мұғалімдер мен мекеме басшылары қатысты.

Жиында сөз алған аудандық білім бөлімінің бастығы С.Қалиева өткен оқу жылында жеткен жетістіктерге, білім беру саласының өзекті мәселелері мен  жаңа оқу жылына арналған негізгі міндеттерге тоқталып өтті.

-Ауданымызда 26 мектепке дейінгі, 22 жалпы орта білім беру ұйымдары, аудандық сырттай орта мектебі, қосымша білім беру ұйымы, санаториялық балабақша, білім үйлестіру орталығы, С.Нұрниязұлы атындағы мектеп-интернат жұмыс жасайды.  Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 1811 бала қамтылған. Жалпы білім беретін 22 мектепте оқушы саны 7115 жетті. Соңғы үш жылда оқушылар саны демографиялық және ішкі миграциялық көрсеткішке байланысты орта есеппен  200-220 балаға өсуде. Осыған орай Б.Жұмалиев, М.Атымов, А.Меңдалұлы атындағы орта мектептерде 3 ауысыммен оқытуды ұйымдастырып отырмыз, бұл мәселені шешу үшін Ащыбұлақ-2 шағын ауданынан 600, Қосбұлақ шағын ауданынан 320 орындық мектеп, 80 орындық балабақша салу қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі таңда білім беру саласында 984 педагог жұмыс жасайды. Оның 813 жоғарғы білімді, жоғарғы және бірінші санатты мұғалімдер. 2015 – 2016 оқу жылында 50 жас маман жұмысқа қабылданды. Мектеп бітірген 360 оқушының 279-ы ҰБТ-ға қатысып, 50 оқушы белгіленген шектік деңгейден өте алмады. Ауданның озық мектептерінің қатарына Шетпе гимназиясы, Шетпе лицейі, С.Жаңғабылов, Е.Айшуақұлы атындағы және Онды орта мектептері көрінді. Ал, тестілеу қорытындысында төменгі сапа көрсеткен Өтес орта мектебі, Н.Жұбаев, Б.Жұмалиев атындағы орта мектептер облыс бойынша төменгі 10 мектептің құрамына енді.

тамыз кенесі (1)

2016-2017 оқу жылына жалпы білім беретін ұйымдарға оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешенін сатып алуға жергілікті бюджеттен 61,2 мың теңге қаржы бөлініп, оқулықтардың 90 пайызы мектептерге жеткізілді. Бірінші сыныпқа қабылданған 1042 балаға 1049,200 теңгеге Елбасымыздың  «Менің Отаным-Қазақстан» кітабы алынды.

Аудандағы 15 мектепте мультимедиялық-лингафондық кабинет бар. Соңғы 4 жылда 9 мектеп химия, 15 мектеп биология кабинетімен жабдықталды. Сондай-ақ, жалпы білім беретін мектептердің 99 пайызы компьютерлік техникамен қамтамасыз етілді. Бірақ әлі де 19 мектептің интернет желісі баяу жұмыс жасайтындықтан көп кедергі келтіреді.

Соңғы үш жыл ішінде «Үздік педагог» республикалық конкурсының грантын жеңіп алған облыстың 5 мұғалімінің шыққан биігін ауданымыздың мұғалімдері бағындыра алмай жүргені өкінішті. Білікті мамандардан ғана білімді оқушы шығады десек, ұстаздардың біліктілігін жоғарлатуда көп жұмыстану керек,» — деп ескертті С.Қалиева.

Өткен жылды қорытындылап, келер оқу жылына жүктелген міндеттер сараланған соң, білім саласы қызметкерлерін мерекелерімен құттықтаған Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы З.Тастемірова білім беру саласындағы кейбір мәселелерге тоқталып өтті. Заманға сай мұғалімдердің техниканы жете меңгере отырып жас ұрпаққа сапалы білім беруде бар күш жігерлерін жұмсауға үндеді, ауданымыздың бетке ұстар мектептерінің облыс бойынша жақсы нәтиже көрсетіп тұрмағанын, алдағы уақытта тыңғылықты жұмыс жасай отырып, олқылықтардың орнын толтыруды ескертті. Мектеп формасының жүзеге асуын, оқулықтардың жеткілікті жеткізілуін басшыларға тапсыра отырып, қатысушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, марапаттады. Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министірлігі «Құрмет грамотасымен» Ә.Сәнеу, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Алғыс хатымен» А.Тұяқов, Маңғыстау облысы Білім басқармасының «Құрмет грамотасын» Шетпе лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Н.Омарова, Тобанияз атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Л.Бекмұрат, Онды орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі А.Бөлекқалиева, Е.Айшуақұлы атындағы орта мектептің ән-саз пәнінің мұғалімі Ж.Сабытаева алса, Маңғыстау облысы Білім басқармасының «Алғыс хатын» Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің математика пәні мұғалімі З.Заханова, Үштаған орта мектебінің география пәні мұғалімі Т.Қашқынбаева, Өтес орта мектебінің математика пәні мұғалімі Ш.Байбоз, Тұщыбек негізгі орта мектебінің басшысы С.Сафиев иеленді.

тамыз кенесі (3)

Сондай-ақ, АҚ «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы филиалының Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы, тренер А.Далабайқызы ұстаздардың толымды табыстарға жете беруіне тілектестік білдіріп, «Құрмет грамотасын» табыстады.  Боздақ бастауыш мектебінің директоры А.Бүркітті, Маңғыстау аудандық білім үйлестіру орталығының әдіскері А.Ізмұрзаеваны, Б.Жұмалиев атындағы орта мектептің арнайы сынып мұғалімі Д.Тоқашеваны, С.Нұрниязұлы атындағы мектеп-интернаттың тарих пәні мұғалімі Ж.Өмірбаеваны «Алғыс хатпен»  марапаттады.

Кезекті сөз алған аудан әкімі Ж.Айтуаров: «ауданның білім беру жүйесінің бюджеті жылдан жылға артып келеді, 2014 жылы 1 744 722 мың теңгені құраса, 2015 жылы 2 013 227 мың теңге болса, 2016 жылға 2 562 155 мың теңге бөлінді. Өткен оқу жылының өзінде ауданда халық игілігіне қызмет ететін бірнеше білім беру нысандары ашылды. Атап айтсақ, Жыңғылды, Үштаған ауылдарында 80 орындық балабақша, Жаңа Орпа шағын ауданынан 32 орындық «Толағай» және Қарашоқы шағын ауданынан «Болашақ» балабақшасы, мектепке дейінгі білім берудің 84,5 пайызын қамтып отырмыз.

Мектептердің материалдық-техникалық базаларын жақсарту мақсатында Ә.Жангелдин орта мектебіне 17 336 000 мың теңге, Онды орта мектебіне 13 367 000 мың теңге, Боздақ бастауыш мектебіне 5 312 000 мың теңге, А.Меңдалыұлы атындағы орта мектебіне 28000000 мың теңге бөлініп, қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары аяқталып, жаңа оқу жылына дайын» дей келе, ұстаздарға білім мен тәрбие жолында аянбай еңбек етіп, жаңа оқу жылында жаңартылған мазмұнда білім жүйесін меңгеріп, оны тиімді пайдалану арқылы биік шыңнан көріне беруге тілектестік білдірді.

Құттықтау сөзден соң білім беру саласындағы елеулі жетістіктері үшін аудан әкімінің «Құрмет грамотасымен» Е.Айшуақұлы атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Н.Түркпенбаеваны, Үштаған орта мектебінің биология пәні мұғалімі А.Алмағанбетованы, Қаратөбе орта мектебінің химия пәні мұғалімі Ж.Теңізбаеваны, Тобанияз атындағы орта мектептің дене тәрбиесі мұғалімі Б.Жұмахановты, М.Атымов атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ж.Бадақбаеваны марапаттады. Ал, аудан әкімінің «Алғыс хатын» А.Меңдалыұлы атындағы орта мектептің физика пәні мұғалімі А.Мангурова, Шетпе гимназиясының бастауыш пәні мұғалімі Г.Мұттахиқызы, «Құлыншақ» балабақшасының тәрбиешісі Н.Алиева, «Қызғалдақ» балабақшасының директоры Б.Жайлауова, «Балдырған» балабақшасының тәрбиешісі Б.Тұманшаева иеленді. 2015-2016 оқу жылында білім, спорт, өнер, ғылым, тәрбие саласында көрсеткен ерекше жетістіктері үшін аудан әкімінің ауыспалы кубогы тапсырылды. «Білім сапасы» кубогы С.Жаңғабылов атындағы орта мектепке, «Ғылым көкжиегі» кубогы Онды орта мектебіне, «Спорт саңлағы» кубогы Ә.Жангелдин атындағы орта мектепке, «Өнер дүлдүлі» кубогы Шетпе лицейіне, «Тәрбие тағылымы» кубогы С.Нұрниязұлы атындағы орта мектебіне берілді.

Сонымен қатар, Ұлттық Бірыңғай Тестілеу қортындысымен абыройымызды асқақтатқан 13 «Алтын белгі» иегерлеріне білім негізі-бастауышта сабақ берген ұстаздарына құрмет көрсетілді. Олардың қатарында Г.Досанова, Д.Жұмағалиева, К.Қожаева, С.Бергенова, С.Тұяқова, А.Сейдалиева, Г.Ордабаева, Ә.Сүндет, Д.Мықтымбердиева, А.Айдарбаева болса, 100 пайыз сапа көрсеткен пән мұғалімдер қатарында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша А.Жексенова, А.Дарібаева, А.Исаева, К.Саржанова, Т.Базарбаева, С.Қалбаева, Б.Жұмағалиева, А.Құлжанова, дүние жүзі тарихы пәні бойынша Б.Делек, география пәнінен М.Мыңбаева, Ш.Сарайшық, К.Қойшыбаева, Н.Кенесарина, биология пәнінен Э.Дүйсенбаева, Ғ.Атшыбаева, Ж.Қосарханова, физика пәні бойынша М.Тұяқова, ағылшын пәні бойынша Б.Төребек, Г.Кентанова, П.Шынжырбекова, Ж.Аманиязова, химия пәні бойынша С.Еңсепов, Ә.Ахтанова, Б.Себепбай болды. «Алтын белгі» иегерлерін шығарған мектептерге қаржы сертификаттары табысталды. 300 мың теңгенің сертификаты Шетпе лицейі мен Шетпе гимназиясына, 500 мың теңгенің сертификаты Онды орта мектебі мен Е.Айшуақұлы атындағы орта мектебіне, 800 мың теңгенің сертификаты Үштаған орта мектебіне, 1 млн теңгенің сертификаты С.Жаңғабылов атындағы орта мектебіне берілгенде көрерменнің ықыласында шек болмады. Өзге мектептерден оза шыққан С.Жаңғабылов атындағы орта мектептен үлгі алып алдағы уақытта «Алтын белгі» иегерлері шығатын мектептер саны артады деген ойдамыз.

Марапаттау кезегінде 2015-2016 оқу жылында білім саласын дамыту бағытындағы критерилер бойынша рейтинг қорытындысында 1-орын Жармыш орта мектебі, 2-орын Е.Айшуақұлы атындағы орта мектеп, 3-орын Шетпе гимназиясы, балабақшалар бойынша 1-орын «Рахат», 2-орын «Балбөбек»,  3-орын «Арай» балабақшасына беріліп, сыйлықтар табысталды.

Қошеметке ие болған мектеп ұжымдары мен мұғалімдер бір-бірін құттықтап, жаңа оқу жылында жақсы нәтижемен көрінетіндіктеріне сенім білдірді. Иә, еліміздің іргетасының берік болуы  білімді ұрпақтың  қолында екені айтпасақ та аян. Бүгінгі ұрпақтың тәрбиесіне төгілген тер ертеңгі күніміздің жарқын болуының кепілі. Сондықтан ұстаздарымызға талмас талап, қажымас қайрат тілей отырып, өскелең ұрпақ тәрбиесінде жақсы жетістіктерге жете беруіне тілеулеспіз.

Айгүл РАХМЕТОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз