Медицина
Сурет сайт архивінен

Маңғыстауда емханаға тіркелу науқаны жүріп жатыр. Енді кез келген азаматтың 2020 жылдан бастап өз қалауымен емделгісі келетін емхананы таңдауға мүмкіндігі бар. Емханаға тіркелу 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін жүргізіледі. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Маңғыстау филиалының директоры орынбасары Жанетта Керимбаева айтты, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Электронды тіркелу кезінде қандай да бір кедергі туындаса, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы тұрғындарғы қызмет көрсету орталығы қызметкерлеріне хабарласуға болады.

Жанетта Керимбаеваның айтуынша, тұрғын өзі тұратын әкімшілік территориялық аймақ шеңберінде қызмет ететін клиниканың бірін таңдай алады.

«Дәрігерге тұрғылықты мекен жайы бойынша тіркелмеген азаматтың үйіне барып, көмек көрсету қиынға түседі. Тұрғындардың таңдаған емханасы үйге жақын маңда, жаяу жүргенде 15-20 минуттық жерде болғаны дұрыс. Бұл дәрігерлердің жедел көмек көрсетуіне мүмкіндік береді. Егер отбасы мүшелері өздігінен емхананы таңдай алмаса, (балалар, мүгедектер, егде жастағы азаматтар т.б), ата-ана немесе асыраушысы тиісті төлқұжатпен келіп, тіркелуге құқығы бар. Тұрғын өзі таңдаған клиникаға 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бара алады. Биыл жыл біткенше бұрынғы емханадан қызмет алуды жалғастыра береді», — дейді ол.

Сонымен қатар кез келген тұрғын жылына бір рет өз мекенжайы аумағында тіркелген емханасын ауыстыра алады. Бір айта кетерлігі, тіркеу науқаны тегін медициналық көмек және әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде қызмет дкөрсетуден үміткер Денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорындағы медицина ұйымдарының арасында ғана өткізіледі. Ол үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының fms.kz сайтындағы «Клиника таңдау» бөлімі арқылы мәліметтермен танысуға мүмкінщдік бар.

Қазіргі таңда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Маңғыстау облысы бойынша филиалы халыққа тегін медициналық көмек көрсететін 51 медициналық ұйыммен келісім шарт орнатқан, оның ішінде 25 жеке меншік мекеме бар. Бұдан бөлек, тағы 4 жеке меншік клиника 2019 жылғы тіркелу дерекқорына қатысуға ниет білдіріп отыр.

Емханаға тіркелудің 3 жолы бар

Қазақстандықтар емханаға тіркеудің үш түрлі жолын пайдалана алады:

— таңдап алған емханаға тікелей бару арқылы,

— электронды үкімет порталы арқылы онлайн режимінде,

— Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы Connection point бөлімі арқылы.

Отбасының өзге мүшелерін тіркеу үшін олардың жеке куәліктері мен жазбаша келісімі қажет (ересектер үшін). Ал 18 жасқа толмаған тұлғаларды тіркеу үшін ата-аналардан (немесе баланың қамқоршысынан) жеке куәлік (немесе баланың атынан өкілдік ете алатынын растайтын құжат) пен баланың жеке құжаты талап етіледі екен.

Сондай-ақ egov.kz порталы арқылы емханаға тіркелу үшін жүйеге тіркелу қажет. Әрі қарай «Денсаулық сақтау» бөліміндегі «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымына тіркелу» қызметін басасыз. Электронды өтінішті толтырып, қызметтің нәтижесін «жеке кабинет» арқылы біле аласыз. Қазір қай емханада тіркеліп тұрғаныңызды да egov порталындағы «жеке кабинеттен» анықтайсыз.  Егер бұрыңғы емхана қызметі көңіліңізден шығатын болса қайта тіркелудің қажеті жоқ.

Тіркелудің үшінші жолы — халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы Connection Points бөлім арқылы орындалады. Ондағы кеңесшілер сізге электронды форматта тіркелу жолдарын түсіндіріп береді.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

АлдыңғыАбыз жайлы үзік сыр
КелесіМақсат – ұлттық рухты нығайту
Жұлдыз Қалиева
2014-2018 жылдары Қызылорда облысы "Болашақ" университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алды. 2018 жылдың ақпан айынан бастап республикалық қоғамдық-әлеуметтік, ғылыми-көпшілік "Ұстаз мәртебесі" газетінде тілші қызметін атқарды. 2019 жылдың сәуір айынан бастап облыстық "Маңғыстау медиа" сайтының журналисті