Фариза ақын әдеби кеш

Жаңаөзен қаласындағы «Шаңырақ» мәдениет үйінде біртуар ақын, қазақ халқының ерке қызы Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай «Жыры – мір, өзі – жұмбақ Фариза ақын» атты әдеби кеш өтті.

Кезінде Мұқағали Мақатаев «Жігітінен қазақтың дос таба алмай, Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын» деп жыр арнаған Фариза ақынның өмірі көпке өнеге, өнері бұқараға мың жылдық азық болатын мұра екендігін бүгінде барлығымыз түйсінгенбіз.

Жүрегімен жыр қашаған ақынның өлеңдері өмірлік өнеге ақиқатынан бастау алатын, жан сусынын қандыратын тас бұлақтың таза суындай. Оның өзіне жол ашпаған, басқаларды баса-көктеп төрге озбаған, ешкіммен жең ішінен жалғаспаған, арзан атақ-беделге жармаспаған, әкімдерге жағамын деп көңілдерін ауламаған, дөкейлердің қолына су құйып, қызметінен түскенде соңына шырақ алып түспеген, жалған күліп, жорта жылағансып, өтірік жаны ашығансымаған, тұла бойының тұнықтығына тұтас халық болып бас игенбіз.

Әдеби кештің желісі де ақын қыздың тағдырымен тоғысып, жырларынан серпін алып жалғасты. Қазақ поэзиясының падишасы деп әспеттеп құрмет көрсеткен халықтың ақын рухына деген құрметі асқақтай түспесе кемімеген. Оған кешке жиналған көрермен қауым куә болды.

Әсіресе, республикалық сайыстардың жүлдегері, Маңғыстау жұртшылығына белгілі Нұр Аңшының шөбересі, «Шаңырақ» мәдениет үйінің мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастырушы Қайырбек Нұровтың шәкірттері Назерке Қарашаева, Айдана Сезімбаева, Құндыз Қайыпқызы, Берекет Қыдырбай оқыған ақын жүрегінен жарып шыққан жыр шумақтары көпшіліктің көңіл төрінен ойып орын алды.

Кеште облыстық деңгейдегі мәдени іс-шаралардың жүргізушісі және ұйымдастырушысы, Маңғыстау өнер колледжінің түлегі, мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі Асқар Әділбеков Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған «Жақсы көру» әнін орындаса, шәкірттері Боранбай Маңғыстау, Тілектес Өтеш, Инабат Ыбырай да өз өнерлерін ортаға салды.

Әдеби кеш барысында, Жаңаөзен қалалық орталық кітапханасының Қызылсайдағы №3 филиалы «Фариза гауһартастың поэзиясы» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Кітапхананың бас кітапханашысы Гүлбаршын Исаева жабдықтаған көрмеде ақынның өмір тарихы, шығармалары, фотосуреттері қамтылып, отыздан астам деректік материал қолданылды.

Қарлығаш ИСМАҒАНБЕТОВА,
«Шаңырақ» мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз