Денсаулықтың жоқтығынан тар төсекке таңылып, құрбыларымен құлын-тайдай тебісіп өсу тағдырына жазылмаған бүлдіршіндердің титтейінен көрген ауыр азабы жан ауыртады. Сәби шағынан дауасыз дертке душар болған балапанының өзінен үміт күтіп, жәудірей қараған жанары жүрегінде өмірлік жатталып қалған Сәуледей аналардан артық ешкім түсіне бермейтін болар бала жанын. Ал үмітсіз жатқан жас жанның үмітін оятып, өмір сүруге құлшындыру тынымсыз еңбек арқылы ғана мүмкін болмақ. «Уайым түбі тұңғиық, батасың да кетесің, тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің», демекші, өткен жылы белгілі кәсіпкер, халық қалаулысы Сәуле Бердіханқызы тәуекелге бел буып, «Үміт бер» қайырымдылық акциясын қолға алды. Жаңаөзен қаласынан бастау алған бұл шараны жергілікті әкімдіктер мен депутаттар бірауыздан қолдап, жұртшылық қуана құптады. Одан беріде Мұнайлы, Түпқараған, Маңғыстау, Қарақия аудандарында өткен фестивальдарда қатарынан оза шапқан жүйріктер анықталып, тиісті орындар иеленді.

Маңғыстаудан басталған «Үміт бер» Атырауға аттанды

Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Ханшахар» салтанат залында «Үміт бер» қорының тұсауы кесілді. Бұл күні фестивальдардың жеңімпаздарына арналып дастархан жайылды. Сондай-ақ Бейнеу ауданы мен Ақтау қаласында өтетін шараның болашақ қатысушыларының бірқатары алдын ала өз өнерлерін ортаға салды.

Басқосуды Маңғыстау облыстық «Іскер әйелдер қауымдастығының» төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі, Жаңаөзен сүт зауытының директоры, «Үміт бер» қорының директоры Сәуле Жақаева құттықтау сөзбен ашты.

— 1997 жылы облысымызда құрылған  облыстық «Іскер әйелдер қауымдастығына» биыл 20 жыл толып отыр. Содан бері ана мен балаға демеу болу жолында келеміз. Мақсатымыз—балалардың  жанына жалау болып, болашағына үміт беру. Шүкір, бастамамыз ел арасында қолдауға  ие болды. Енді фестиваль Бейнеу ауданында жалғасып,  күзде Ақтау қаласында аяқталады. Бірақ бұл акциямыздың соңы емес, оны жыл сайын өткізіп тұрамыз. Сонымен қатар акциямыздың тынысы кеңіп, бүкіл аймаққа таралып жатқанын қуана жеткізгім келеді. Енді Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында да «Үміт бер» қоры құрылмақ,-деген ол балаларға игі тілегін айтты.

Облыс әкімінің кеңесшісі Владислав Трифонов тұсауы кесілген жаңа қайырымдылық қорының жұмысына сәттілік тілеп, балаларға мерекелік лебізін білдірді.

Маңғыстаудан басталған «Үміт бер» Атырауға аттанды

Мерекелік шара барысында Сәуле Бердіханқызы Атырау облыстық «Іскер әйелдер қауымдастығының» төрайымы, Атырауда құрылған «Үміт бер» қорының директоры Айгүл Тәжімқызына «Үміт бер» эстафетасын тапсырды.

— Мен Маңғыстау ауданында өткен акцияға қатысып, мына балалардың қолөнері мен сурет салғанын, ән салып, би билегенін көріп, жүрегім елжіреп, ерекше бір сезімде болғанмын,-деді ол.-Маған бұл қайырымдылық бастамасы қатты ұнап, Сәуле Бердіханқызымен келісе отырып, Атырауда қор аштық. Қайырымдылық жолындағы жұмыстарыңыз табысты болғай.

Балалар мерекесіне арналған шарада ақ тілектерін ақтарған өзге де азаматтар, кәсіпкерлер қайырымдылық акциясына келешекте де демеу болатындарына сендірді, балаларға сыйлықтар берілді.

Өңірімізде ғана өтіп қоймай, өзгелерге де өнеге болған акция аясындағы басқосуда ән салған өрен Өсербай Өскенбай, әкесімен бірге би билеген кішкентай Айханым және басқа балауса өнерпаздар тамашалаушылардың қошеметіне бөленді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген өнер қайраткері Амангүл Орынбасарқызы, республикалық, халықаралық конкурстардың жүлдегері, облыстық филармонияның әншісі Екпін Толқынхан өздерінің әдемі әндерін балалардың мерейлі мейрамына шашу ретінде ұсынды.

  Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
Суреттерді түсірген Вера НАУМОВА

Маңғыстаудан басталған «Үміт бер» Атырауға аттанды

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз