Бірлік күні

Облыс орталығында 1-мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік шеру өтті. Шеруге қатысушы Ақтау қаласындағы еңбек ұжымдары Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық  драма театры жанынан «Астана» алаңына  дейін жүріп өтті. Шеруді қолдарына ту ұстаған темір тұлпардың құлағында ойнайтын маңғыстаулық байкерлер және барабаншылар колоннасы бастады. Мерекелік шеруге қатысушыларды «Астана» алаңынан аймақ басшысы Ералы Тоғжанов, облыстық мәслихаттың  хатшысы Бекмұрат Жүсіпов, «НұрОтан» МОФ төрағасының бірінші орынбасары Нұри Тумышев, Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмов және облыс ардагерлері мен этномәдени бірлестік өкілдері қарсы алды.

Елді береке-бірлікке, ынтымақ пен татулыққа шақырған мерекелік шеруге өңірдегі ақ халатты абзал жандар,  білім саласының қызметкерлері, спорт саңлақтары, мәдениет майталмандары, этномәдени бірлестік өкілдері, теміржолшылар, әскери қызметкерлер, облыс жастары, қаржыгерлер, құрыш білек құрылысшылар, «қара алтын» өндірушілер, жоғары оқу орнының студенттері белсене қатысты.

«Астана» алаңындағы мерекелік шарада өңір басшысы Ералы Тоғжанов  барша облыс тұрғындарын бірлік күнімен құттықтап, жүрекжарды тілектерін жеткізді.

— Құрметті отандастар, қадірлі маңғыстаулықтар! Сіздерді 1-мамыр Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын. 1-мамыр-бұл бейбітшілік пен достықтың, бірлік пен берекенің, ырыс пен ынтымақтың белгісін айшықтайтын мерейлі мейрам. Сан ғасырлар бойы қаншама заманды басынан кешірген ата-бабаларымыздың асыл арманы тәуелсіздікке-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлі Назарбаевтың сындарлы да салиқалы саясатының арқасында қол жеткіздік. Желмаямен желіп отырып, Жерұйығын іздеген Асан қайғы халқымыздың төрт құбыласы тең, босағасы берік, ынтымағы жарасқан бейбіт ел болуды мұрат еткен арманының жүзеге асуы. Сондықтан еліміз үшін бірлік, келісім-ең басты байлық, теңдесіз қымбат дүние. Бақ-дәулет те, құт-береке де бейбітшіліктің қадірін түсінген, білген елдің бағына ғана бітеді.  Ортақ Отанымызда бірлік пен береке салтанат құрғанда ғана ұлы мақсаттарға жетеміз. Сол сенімді жоғалтпайық ардақты ағайын. Туған елдің төсінде бейбіт ғұмыр кешіп жатқан қазақ елінің нығайып, өркендеуіне үлес қосайық. Сіздерге берекелі ғұмыр, мерекелі өмір, кемелге толы келешек, бақытқа толы болашақ тілеймін. Бейбіт елдің бірлігі мен халқымыздың ынтымағы арта берсін. Отбасыларыңыз аман, дендеріңіз сау, еңбектеріңіз әр уақытта жемісті болсын,-деді аймақ басшысы Ералы Тоғжанов.

Мерекелік құттықтауларды облыстағы этномәдени бірлестік өкілдері мен ардагерлер жалғастырды. Өңір өнерпаздарының қатысуымен ән шырқалып, би биленген көңілді концерт көпшіліктің көңілінен шықты. Бірлік пен татулық мерекесінде тұрғындар облыстағы этномәдени бірлестіктердің арнайы дайындаған қолөнер және ұлттық тағамдар көрмесін де тамашалады.

— Бүгін таңсәріден тұрып көрмеге дайындалдым. Өзім тіккен бұйымдарымды, қолдан пісірген тағамдарымды көрмеге алып келдім. Жалпы киелі Маңғыстау өңіріне 1967 жылы келдім. Осы өңірде жолдасым Александрмен танысып, үш ұлды өмірге әкелдім. Ұзақ жылдар сауда саласында еңбек еттім. Үш жылдан бері зейнет демалысындамын. Үйде бос отырмаймын, қолөнермен айналысып, іс тігемін. Немерелеріме білгенімді үйретемін… Барлық маңғыстаулықтарды бірлік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіз елімізде әрдайым қуаныш көп болсын. Балаларымыз бейбіт елде бақытты өмір сүрсін,-дейді татар ұлтының өкілі Наиля Галкина.

Мерекені тойлау мұнымен шектеліп қалмады. Түстен кейін 15 шағынаудандағы теңіз жағалауында спорттық жарыстар ұйымдастырылды.  Ұлттық ойындар ұлықталып, облыстық деңгейде тоғызқұмалақ, дойбы, асық ату, шахматтан жарыстар өтті.

— Маңғыстау облыстық білім басқармасы тарапынан оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану және спортқа баулып, салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін жүйелі түрде шаралар ұйымдастырылып отырады. Бүгін бірлік күніне орай ерекше ойынның тұсауын кешпекшіміз. Бұрын дойбыны екі адам ойнайтын болса, бұл жолы топтық бағытта 4 адамның бірігіп ойнау мүмкіндіктері болады. Бұл жүйені Бейнеу ауданының ұстаздары Амангелді Меденов пен Жарас Қалиманов ойлап тапты. Екі азамат та бұл ойынның авторлық құқығын алу мақсатында жұмыстанып жатыр.  Бұған дейін бұл ойынды мектеп оқушылары арасында таныстырдық. Бүгін алғаш рет сайыс түрінде өткізілгелі отыр. Жарысқа аудан, қалалардан келген барлық командалар қатысуда. Одан бөлек алаңдағы тоғызқұмалақ ойындары мен шахматтан жарыстар ұйымдастырылды,-дейді облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова.

Венера МИРЛАН
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

Ақтауда өткен мерекелік шеруге 7 мыңға жуық тұрғын қатысты Ақтауда өткен мерекелік шеруге 7 мыңға жуық тұрғын қатысты Ақтауда өткен мерекелік шеруге 7 мыңға жуық тұрғын қатысты Ақтауда өткен мерекелік шеруге 7 мыңға жуық тұрғын қатысты

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз